Бокстан Кеңес Одағының бес дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Атырау облысының «Құрметті азаматы» Болат Теміровті еске алуға арналған U-23 жастар арасындағы III халықаралық бокс турнирі басталды. Бұл турнир өңірімізде үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

Биылғы додаға 23 командадан 250-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарлануда. Қатысушылар қатарында Қазақстанмен бірге Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь мемлекеттерінің былғары қолғап шеберлері бар. Халықаралық деңгейдегі бұл жарыс жас боксшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына, сондай-ақ өңірдегі спорттың дамуына серпін береді.

Турнирдің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов сөз сөйледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Тастанбек Есентаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының U-23 жас ерекшелігі бойынша аға жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаров және Болат Теміровтің жұбайы да қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.

Халықаралық турнирде Астана, Алматы, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шымкент, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарының, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикаларының боксшылары шаршы алаңға шығады.
Турнирдің ашылу салтанатында қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» әнін «Асау» этно-рок тобы орындап, шараның сәнін кіргізді.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

