Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының еркін күрестен U15 жасөспірімдер арасындағы чемпионаты Атырау облысының жас балуандары үшін табысты болды. Елдің әр өңірінен жиналған жас спортшылар бақ сынаған бұл бәсекеде Атырау облысының құрамасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жалпыкомандалық есепте ІІ орынға ие болып, өңір намысын абыроймен қорғады.

Боз кілем үстіндегі тартысты белдесулерде атыраулық балуандар қайсарлық пен шеберліктің үлгісін танытып, жүлделі орындардан көрінді.
Жарыс қорытындысы бойынша 48 келі салмақ дәрежесінде Амир Серік қарсыластарына дес бермей І орынға ие болды.
62 келіде Нұрмұханбет Бауыржан ІІ орынға табан тіресе, 38 келіде Сүлеймен Дастан, 44 келіде Ерасыл Ерболат, 75 келіде Мейіржан Манарбекұлы ІІІ орынға ие болды.

Олардың бұл жеңісі жас балуандардың табанды еңбегі мен олардың бапкерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Жарыс барысында спортшыларымыз қайсар мінез, жоғары шеберлік танытып, Атырау өңірінің спорттық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдей білді.
Жас спортшыларымыз бен олардың бапкерлерін осы жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы жарыстарда да атыраулық балуандар жеңіс тұғырынан көрініп, ел намысын абыроймен қорғай береді деген сенім мол.
Алмас ҚАБДОЛ

