Жергілікті жердегі жолдың сапасына қатысты мәселе құрылыс барысында қолданылатын материалдардан-ақ байқалып отыр. Жыл басынан бері «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК жергілікті жерлердегі жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан 15 мыңнан астам сынама алып, зертханалық тексеру жүргізген. Нәтижесінде сынамалардың 32 пайызы Қазақстан Республикасының талаптарына сәйкес келмеген.

Бұл туралы Астанада Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» атты семинар-кеңесте айтылды. Жиынға өңірлер мен «Жол сапа» филиалдарының өкілдері қатысты.
Зертханалық сынақтар жол құрылысының бастапқы кезеңінде материалдардың сапасына қатысты кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай сәйкессіздіктер дер кезінде жойылмаса, жолдың сапасына және оның пайдалану мерзіміне әсер етуі мүмкін.

Жолдардағы ақауларды уақытылы жою да өзекті мәселе болып отыр. Жыл басынан бері жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау анықталған. Оның 214-і ғана жойылса, 1 783 ақау әлі түзетілмеген. Яғни анықталған кемшіліктердің шамамен 90 пайызы бойынша жұмыс аяқталмаған.
Сонымен қатар 2024–2026 жылдары жергілікті атқарушы органдар 1 127 жол нысанын қабылдаған. Кейін жүргізілген тексерулер кезінде олардың бірқатарынан белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тұстар анықталған.
Семинар барысында өңірлердегі проблемалық жол нысандары, зертханалық зерттеудің нәтижелері және ақаулардың уақытылы жойылмау себептері талқыланды. Техникалық қадағалау қызметі, мердігерлер, жергілікті тапсырыс берушілер мен орталық мамандарының өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі де сөз болды.
Қатысушылар қолданыстағы нормативтік базаны жетілдіру мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, жол құрылысына қойылатын талаптардағы қайшылықтарды жою және нормативтік құжаттарға кешенді ревизия жүргізу қажеттігі айтылды. Бұл жол сапасы мен құрылыс материалдарын бағалауда бірыңғай талап қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында жолдың сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар әзірленетіні айтылды. Анықталған ақауларды жоюға жауапты тұлғалар мен нақты мерзімдер белгіленеді. Сондай-ақ нормативтік базаны жаңарту бойынша ұсыныстар дайындалып, жергілікті жол желісіне арналған үш жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлеу көзделіп отыр.
Негізгі талап айқын, жолдағы кемшілік тек анықталып қана қоймай, белгіленген мерзімде міндетті түрде жойылуы тиіс.
Майра ЕРҒАЛИ


