Жастарға жол көрсеткен жүздесу

(0 Votes)

Жастардың санасына тәртіп пен жауапкершілікті сіңіру мақсатында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында тағылымды кездесу өтті. Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара жас буынға бағыт-бағдар беріп, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға арналды.

Кездесу алдымен Энергетика және құрылыс колледжінде өтсе, кейін №40 орта мектепте жалғасын тапты. Тағылымды жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, спорт саласының мамандары мен ардагерлері, ұстаздар, студенттер мен оқушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, жүзге жуық адам қамтылды.
Екі кездесуде де халықаралық жарыстардың жүлдегері Аида Хайруллина жастарға спорттың адам өміріндегі маңызы туралы ой бөлісті. Оның айтуынша, спорт тек жеңіс пен медаль үшін ғана емес, ең алдымен адамды тәртіпке, шыдамдылыққа және мақсатқа адал болуға тәрбиелейді.
– Спорт адамды шыңдайтын үлкен мектеп. Жаттығу залына алғаш келгенде жеңіс туралы емес, ең алдымен өз-өзіңді жеңу туралы ойлайсың. Күн сайынғы жаттығу, тәртіп пен еңбек адамды мықты етеді. Кейде жарыстарда жеңіліс те болады. Бірақ сол сәттер адамның жігерін шыңдап, алға ұмтылуға үйретеді. Сондықтан жастарға айтарым, уақытты бос өткізбей, спортпен айналысып, өз мақсаттарыңызға табандылықпен ұмтылыңыздар. Спорт тек денені ғана емес, мінезді де тәрбиелейді, — деп кеңес берді.
Спортшылар Әлихан Сейітов пен Азамат Каштенбай да жастарға өз тәжірибелерін айтып, жетістікке жету жолындағы табандылықтың маңызын атап өтті. Ал спорт мектебінің директоры Данияр Юсупов жасөспірімдерді спортпен жүйелі айналысуға шақырып, салауатты өмір салты жарқын болашақтың кепілі екенін айтты.
Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар мен студенттер спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Әсіресе жастар спорттағы жетістікке жету жолы, тәртіп пен уақытты дұрыс жоспарлау мәселелеріне қатысты сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың патриоттық рухын нығайтып, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Шынында да, талап пен тәртіп қатар жүрген жерде ғана жас ұрпақтың болашағы баянды болмақ.

Майра ЕРҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT