Жастар саябағында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

(0 Votes)

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданымызда қоғамдық орындардың тазалығы мен көркін сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Соның бір дәлелі – тұрғындар көтерген мәселеден кейін Жастар саябағында атқарылған абаттандыру жұмыстары. Арамшөптер тазартылып, қураған ағаштар кесіліп, субұрқақ қалпына келтіріліп, жарық шамдары жаңартылды. Бұл жұмыстар ауданның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындарға қолайлы орта жасауға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаттарымен үндеседі.

Газетіміздің 2026 жылғы 16 шілде күнгі №28 санында «Жастар саябағы – ауылдың айнасы» атауымен мақала жарық көрген болатын. Онда тұрғындар өтінішіне орай саябақтың бүгінгі жай-күйіне қатысты мәселе көтеріп, жауапты мекемелер назарына алса деген ұсынысымызды жеткіздік.

Қоғамдық орын болғандықтан, жергілікті халық тарапынан сын-пікірлердің айтылуы орынды. Өйткені бұл саябақ бір ғана мекеменің емес, бүкіл ауданның ортақ игілігі. Арада бір апта уақыт өткен соң саябаққа арнайы барып, жағдайды көзімізбен бақылап қайттық. Бұрынғы көзге түсіп тұрған арамшөптердің дені тазартылып, жаяу жүргіншілер жолының маңы ретке келтірілген. Қураған ағаштардың бұтақтары кесіліп, саябақтың сыртқы келбеті біршама жинақылана түскен. Көпшілікті алаңдатқан саябақтағы субұрқақ мәселесі де назарға алыныпты. Субұрқаққа су толтырылып, сырлау жұмыстары аяқталған. Бұл өзгерістер саябақтың көркіне көрік қосып, тұрғындардың да көңіліне жайлылық сыйлағандай.

Бір апта ішінде барлық мәселе толық шешілмесе де, көтерілген мәселеден кейін өзгерістер орын алғанына куә болдық. Мұндағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы жөнінде жасыл белдеу мен саябақты күтіп ұстауға жауапты мердігер мекеменің басшысы Сисенов Саламат пікір білдірді.

– Жастар саябағында күтіп-ұстау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Соңғы күндері қаумалап өскен арамшөптерден тазалап, қураған ағаштарды кесу жұмыстарын жүргіздік. «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары да бізге тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Олар әр үш-төрт күн сайын келіп, аумақты тазалау, арамшөп жұлу сияқты жұмыстарға атсалысады. Жыл басында бекітілген қаржы жоспарға сәйкес ай сайын саябақты күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеу жұмыстарына және қажетті материалдарды алуға жұмсалып отыр, – дейді ол.

Мердігер мекеме басшысының айтуынша, саябақты күтіп-ұстау тек бір реттік тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Жаз мезгілінде көгалдарды суару, ағаштарды күтіп-баптау, шөп шабу, қоқысты уақытылы шығару сияқты жұмыстар тұрақты жүргізіліп отырады. Ауа райының ыстық болуы да жасыл желектерге ерекше күтім жасауды талап етеді.

– Саябақтың бүгінгі тазалығын қамтамасыз ету – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, ол әр тұрғынның өмірлік ұстанымына айналуы керек. Оны күтіп ұстауға тұрғындардың да жанашырлығы қажет. Кейде арнайы жәшіктер бола тұра қоқыстың жерге тасталуы, орындықтардың бүлінуі бірнеше күндік еңбектің нәтижесін жоққа шығарып жатады. Сондықтан ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың міндеті, – дейді С.Сисенов.

Қоғамдық орында қоқысты арнайы орынға тастау, жасыл желектерге ұқыпты қарау, орындықтар мен жарық шамдарын бүлдірмеу – қарапайым ғана әрекет болғанымен, оның нәтижесі үлкен. Мердігер мекеме саябақтағы жарық шамдарының да ауыстырылғанын, алдағы уақытта оның ешқандай қиындық туғызбайтынын алға тартты.

Жастар саябағы – ауданның көркі. Мұнда мерекелік шаралар өтеді, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондықтан оның әрдайым таза әрі күтімді болуы ауданның жалпы келбетіне де әсер етеді. Өткен аптадағы сыннан кейін қолға алынған жұмыстардың алғашқы нәтижесі көріне бастады. Дегенмен саябақтың шын мәнінде көркейіп, таза тұруы алдағы уақытта жүргізілетін жүйелі жұмыстарға байланысты. Жауапты мекеме өз міндетін жалғастырса, тұрғындар қоғамдық орынға жанашырлық танытса, саябағымыз бұдан да көркейе түсетіні анық.

Ш.Төлегенова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT