2023–2025 жылдарға арналған жоспар бойынша Атырау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тоғыз мектеп салу көзделген. Бүгінде оның төртеуі пайдалануға берілді. Олар – Водниково және Береке ауылдарындағы 1200 орындық екі мектеп, Сарыөзек ауылындағы 300 орындық мектеп және Жұлдыз-2 шағынауданындағы 900 орындық мектеп. Мамандардың айтуынша, жаңа білім беру нысандары оқушы орындарының тапшылығын азайтып, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заманауи әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға жол ашады.

