Жаңа Конституцияның ең басты ерекшелігі – адамды мемлекеттің ең басты құндылығы ретінде айқындауы. Жаңартылған Кіріспеде алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде белгіленді. Бұл – жай ғана құқықтық тұжырым емес. Бұл – мемлекет қызметінің өлшемі ең алдымен азаматтың қадір-қасиетін қорғау, құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету екенін білдіретін жаңа саяси әрі қоғамдық ұстаным.
Сонымен қатар, Конституцияда халықтың мемлекеттік биліктің қайнар көзі ғана емес, егемендіктің бірден-бір иесі екендігі нақты бекітілді. Бұл қағида мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың мәнін тереңдете түседі. Өйткені кез келген мемлекеттік биліктің түпкі негізі – халықтың еркі.
Жаңа Конституция адам құқықтарын қорғаудың заманауи кепілдіктерін айқындай түседі. Адамның өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке бас бостандығының күшейтілген кепілдіктері, цифрлық дәуірдегі дербес деректерді қорғау, ғылыми және шығармашылық еркіндік, азаматтардың экологиялық жауапкершілігі – мұның бәрі Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуының жаңа сапасын айқындайды.
Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды ерекшелігі – онда білім, ғылым, мәдениет және инновация еліміздің ұзақ мерзімді дамуының басым бағыттары ретінде нақтыланды. Бұл – кездейсоқ таңдау емес. Бұл – Қазақстанның болашағы ең алдымен адам капиталының сапасымен өлшенетінін айқындайтын стратегиялық ұстаным.
Бүгінде әлем мемлекеттердің табиғи байлығымен емес, білімнің, ғылымның және технологияның деңгейімен бәсекеге түсетін кезеңге қадам басты. Осындай жағдайда жаңа Конституцияның білім мен ғылымды конституциялық деңгейде айқындауы – еліміздің болашағына бағытталған көреген шешім деп бағалаймыз.
Конституция – тек мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін құқықтық құжат емес. Ол – қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитынын айқындайтын бағдар, еліміздің орнықты дамуының және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың құқықтық негізі.
Айнагүл Шакупова


