Диас Құмарбеков, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің аға сарапшысы
2 қазанда Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен өнеркәсіпті терең цифрлық трансформациялауға арналған Жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары Вашингтонда қол қойған ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі ерікті келісімді қолдады. Мемлекет басшысы «Вашингтон моделін» Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) қамқорлығымен жасалатын халықаралық шарттың ықтимал негізі ретінде қарастыруды ұсынды, Қазақстанның диалог алаңы ретінде әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді және Кеңес мүшелерінен Қазақстанның халықаралық бастамасы бойынша ұсыныстарды қысқа мерзімде енгізуді сұрады. Сонымен қатар ортақ пайым желтоқсан айында Майами қаласында өтетін «Үлкен жиырмалық» (G20) саммитінде таныстырылатынын түсіндірді.
«Суперинтеллект жөніндегі Ақ үй келісімі» (White House Accord on Super Intelligence) деп ресми аталған келісімге 29 қыркүйекте қол қойылды. OpenAI және Google компанияларын қоса алғанда, алты америкалық компанияның басшылары озық модельдердің айналасында ішкі мониторингтен бастап тәуелсіз сыртқы аудит пен директорлар кеңесі комитетінің қадағалауына дейінгі бақылаудың төрт деңгейін ерікті түрде қалыптастыруға міндеттеме алды. Аудиторлар, мерзімдер мен санкциялар құжатта көрсетілмеген. Дональд Трамп бұл құжатты моральдық тұрғыдан міндеттейтін құжат деп атады. Сонымен бірге құжаттың өзінде уақыт өте келе бұл қадамдарды заңдар мен реттеу тетіктері арқылы бекіту орынды болуы мүмкін деген ескерту бар.
Құжат ЖИ саласындағы ережелерді кім қалыптастырады деген пікірталас қызған кезде пайда болды. 21 қыркүйекте жиырма мемлекеттің және Еуропалық комиссияның басшылары стандарттарды белгілейтін және олардың сақталуын қамтамасыз ететін халықаралық институт құру мүмкіндігін зерделеуге шақырды. Қазақстан бұл декларацияға қол қойды, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш оны құптады, ал АҚШ пен Қытай оған қосылған жоқ. Келесі күні Дональд Трамп Бас Ассамблеядағы сөзінде Вашингтонның ЖИ-ді жаһандық бақылау жүйесін құру әрекеттерін қабылдамайтынын мәлімдеді. Бірнеше күннен кейін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Вашингтонға мемлекеттік сапары барысында АҚШ пен Қытай ЖИ-ге қатысты инциденттер бойынша байланыс арнасын құруға келісті. Екі держава инциденттер туралы ақпарат алмасуды қабылдады, алайда оны екіжақты форматта және БҰҰ-дан тыс жүргізуге уағдаласты.
Вашингтон құжатына қатысты бағалар әртүрлі болды. Оған қол қойғандар оны маңызды қадам деп санайды, ал бұған дейін Ақ үйде ЖИ саясатына жауапты болған Дэвид Сакс бұл құжатты, оның пікірінше, ешқашан жүзеге аспауы мүмкін халықаралық келісімнен әлдеқайда тиімді шешім деп атады. Конгрестегі және ғылыми ортадағы сыншылар компаниялар қағидаттарды өздері әзірлеп, аудиторды да өздері жалдайтынын, ал оның орындалуы ешқандай тетікпен қамтамасыз етілмегенін алға тартады. Меніңше, Азия қоғамы институтының өкілі Элвин Грейлиннің бағасы барынша нақты. Оның пікірінше, бұған дейін реттеуге қарсылық білдірген Meta және Nvidia компанияларының басшылары міндеттемелерді қабылдағанының өзі жетістік. Алайда ол құжатта тәуелсіз тексеру тетігі жоқ екенін және бір елдің шегінен тыс қолданылатын ешқандай механизм қарастырылмағанын атап өтеді.
⬇️Жалғасы


