UTEBAYEV UNIVERSITY базасында ашылған И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалына талапкерлерді қабылдау емтихандары басталды.
Талапкерлер математика және орыс тілі пәндері бойынша жазбаша емтихан тапсыруда. 2026–2027 оқу жылына филиалға 100 білім беру гранты бөлініп, талапкерлерге халықаралық деңгейдегі білім алуға мүмкіндік беріліп отыр.
Филиал директоры Олег Четвериковтің айтуынша, филиалдың ашылуы жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Губкин университетінің филиалы студенттерге сапалы білім алып, кәсіби тұрғыдан дамуға, жетекші компанияларда өндірістік тәжірибеден өтуге және табысты мансап құруға жол ашады», – деді филиал директоры Олег Четвериков.
Кіріспе емтихандарды Мәскеуден келген И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің профессор-оқытушылары өткізуде. Емтихан комиссиясының құрамына мұнай-газ саласының тәжірибелі мамандары, белгілі ғалымдар мен оқытушылар енген. Бұл талапкерлердің білімін әділ әрі кәсіби бағалауға және халықаралық академиялық талаптарға сай үздік үміткерлерді іріктеуге мүмкіндік береді.
Атырау қаласындағы Губкин университетінің филиалы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес UTEBAYEV UNIVERSITY базасында ашылған болатын. Қазіргі таңда мұнда мұнай-газ саласына қажетті мамандарды даярлауға бағытталған үш білім беру бағдарламасы бойынша 100-ге жуық студент білім алуда.

