«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы Правый Яицкий (Рыбоходный) каналы бойында дәстүрлі «Әуесқой балықшы – 2026» турнирі өтті. Табиғат аясында ұйымдастырылған шара өңірдегі экологиялық туризмді дамытуға, әуесқой балық аулау мәдениетін насихаттауға және табиғи байлықтарды ұқыпты пайдалануға бағытталды.
Турнир «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының бастамасымен Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Сонымен қатар іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне «VISIT ATYRAU» туристік ақпарат орталығы мен «Қызыл-балық» ЖШС, «Абылай-хан» ЖШС және «Тілекші» ЖШС демеушілік көрсетті.
Былтыр алғаш рет өткізілген бұл дода биыл дәстүрлі сипат алып, табиғат пен туризмді тоғыстырған маңызды шаралардың біріне айналды. Турнирге өңірдің түкпір-түкпірінен келген 30 әуесқой балықшы қатысып, балық аулаудағы шеберліктерін сынға салды.
Сайыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жүлделі орындарға ие болып, арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Жеңімпаздарға дипломдар, медальдар және демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар барлық қатысушыға Алғыс хаттар тапсырылды.
Шара соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, қатысушылар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен мұндай бастамалар өңірдегі экотуризмнің дамуына серпін беріп қана қоймай, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Әуесқой балықшы» турнирі алдағы жылдары да өз жалғасын тауып, табиғатты аялау мен белсенді демалысты ұштастыратын игі дәстүр ретінде өткізілмек.
Жадыра ШУНАШЕВА
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының ғылыми қызметкері

