Туған жерге тарту болған саябақ

(0 Votes)
Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы елімізде қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына тың серпін берді. Акция аясында өңірлерде тазалық жұмыстары қарқын алып, ағаш отырғызу, саябақтар мен қоғамдық орындарды көркейту бағытындағы бастамалар көбейді. Ең бастысы, туған жердің тазалығы мен көркеюіне әр азаматтың жеке жауапкершілікпен қарауы қоғамда жақсы үрдіске айнала бастады. Жылыой ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудан тұрғындары өз аулаларын ғана емес, қала мен ауыл көшелерін көгалдандыруға да белсенді атсалысып жүр. Осындай игі бастамалардың бірі Құлсары қаласында жүзеге асты. Жылыойдан шығатын республикалық «Құлсары» газетінің бас редакторы, белгілі қоғам қайраткері Әбдіхалық Сисенбердиев туған жерге деген жанашырлығын нақты іспен дәлелдеп, бұрын бос жатқан аумақты абаттандырып, жаңа саябақтың негізін қалады.
        Соңғы жылдары ауданымызда қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және жасыл желек көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын ала түсті. Әсіресе тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен табиғатқа деген қамқорлығы бұл іске тың серпін беріп отыр. Бұл ретте жылыойлықтар да өз үйлерінің маңын гүлдендіріп қана қоймай, көшелерді көгалдандыруға да белсенді атсалысып келеді. Бұл туған өлкеге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі.
         Осындай игі бастаманың жарқын үлгісін қаламыздан да көруге болады. Жылыой ауданынан шығатын республикалық «Құлсары» газетінің бас редакторы, қоғам қайраткері Әбдіхалық Сисенбердиев өзінің туған қаласындағы 4-учаске аумағында бұрын бос жатқан жерді игеріп, жеке қаражаты есебінен жаңа саябақ салды. Саябақ аумағына түрлі жеміс ағаштары мен сәндік көшеттер отырғызылған. Бүгінде алма, өрік секілді жеміс ағаштары мен басқа да тал-теректер тамыр жайып, айналаны жасыл желекке бөлей бастады. Сонымен қатар аумақ толық қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда көшеттерді күтіп-баптау, суару және жерсіндіру жұмыстары тұрақты түрде атқарылып келеді. Иә, қараусыз қалған аумақты халық игілігіне жаратып, жасыл желекке бөлеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ал Әбдіхалық Жәңкейұлы бұл бастамасы арқылы туған жердің көркеюіне әр азаматтың үлес қоса алатынын іс жүзінде дәлелдеп отыр. Бұл туралы өзі: 
      – Амандық болса, алдағы уақытта бұл саябақты тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналдыру жоспарда бар. Мұнда мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп, жастар мен үлкендердің бас қосатын орталығы қалыптасса деймін. Осы жобаны қолға алудағы басты мақсатым – туған жеріме титтей болса да пайдамды тигізу. Біз көбіне үлкен өзгерісті өзгеден күтеміз. Бірақ әркім өз қолынан келген игі істі атқарса, қоғам да өзгереді. Табиғатқа жанашырлық сөзбен емес, нақты іспен дәлелденуі керек, – дейді ойын білдіріп.  Оның айтуынша, саябақтың болашағына қатысты жоспарлар да ауқымды. Алдағы уақытта мұнда демалуға арналған орындықтар орнатылып, қосымша ағаш көшеттері отырғызылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізетін жайлы демалыс аймағы қалыптастырылмақ. Шынында да, мұндай бастамалардың әлеуметтік әрі экологиялық маңызы зор. Біріншіден, жасыл желек қоршаған ортаның сапасын жақсартып, ауаны тазартады. Екіншіден, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, қаланың эстетикалық келбетін арттырады. Үшіншіден, жастарды еңбекқорлыққа, туған жерді құрметтеуге тәрбиелейді. Иә, бір талдың өзі атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіріп, ауаны оттегімен байытуға үлес қосады. Сондықтан бүгін отырғызылған әрбір көшет ертеңгі ұрпақ үшін жасалған инвестиция деуге болады. Әбдіхалық Жәңкейұлының бұл бастамасы оның азаматтық ұстанымымен де үндесіп жатыр. Ол – Қазақстанның Құрметті журналисі, еліміздің ақпарат саласының үздігі, Мақат және Жылыой аудандарының Құрметті азаматы. Ұзақ жылдар бойы Жылыой аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, өңірдегі көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысты. Бүгінде зейнеткерлік жасқа шыққанына қарамастан қоғамдық өмірден қол үзген емес. Өзі құрылтайшылық ететін республикалық «Құлсары» газеті арқылы ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, ел мүддесіне қызмет етіп келеді. 
      Қарапайым ғана бастамадан үлкен өзгеріс басталатынын дәлелдеген бұл жоба жылыойлықтарға ғана емес, барша жұртшылыққа үлгі. Бүгін жасалған игі іс ертеңгі ұрпақтың игілігіне қызмет етеді. Сондықтан туған жердің көркеюіне үлес қосқан азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Құлсарыдағы жаңа саябақ – соның жарқын дәлелі.
 
    Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT