Аудандық мансап орталығында Атырау облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Мереке Есқалиев пен аталған орталықтың болжау, жинақтау және талдау бөлімінің басшысы Аяулым Ахаева жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарайтын аудандық комиссияның құрамымен кездесу өткізді.
Атырау облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Мереке Есқалиев: – Қайтарымсыз мемлекеттік гранттар әлеуметтік осал топтардың жағдайын жақсарту үшін тиімді. Азаматтар өз кәсібін ашып, шаруасын бастайды, жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер болса өндірісін кеңейтеді. Өндіріспен айналысса елге де пайдасы тиеді. Бұл бағытта жыл сайын комиссия өзінің жұмысын атқарып келеді. Дейтұрғанменде алған қаржыны біздің заңнамалық талаптарға сәйкес жұмсамайтындар бар. Бірінші кезекте оны мақсатына сай жұмсамаған кезде біз сот тәртібімен қайтарамыз. Олай еткеннен алған адамға да, бізге де пайда жоқ. Өзі жобасын жүзеге асырып, пайда көрмейді, кәсібін ашамын деген біреудің де жолын байлайды. Сотқа 100 мың теңге баж салығын төлейді. Кейбір адамдар бизнес жобасында құрал-жабдықтар сатып аламын деп келтіреді. Сатып алған заттарын 10 күн ішінде көрсетуге міндетті. Олар онда бұрыннан бар. Біз барғанда жаңадан алдым деп соны көрсетеді. Жаңа құрал мен бұрынғысының айырмашылығы бірден байқалады ғой. Сатып алынған нәрсе үшін грант берілмейді. Комиссия мүшелері осыны ескеріңіздер. Сосын өтініш берген кезде бір жұмыс орнын ашамын деп жазады. Оны өзімді-өзім жұмыспен қамтуым деп түсінеді. Грант алғаннан кейін ол жұмыс беруші болып саналады. 12 айдың ішінде басқа бір адамды жұмыспен қамтуы қажет. Ескеруіміз керек нәрсе – бұл гранттар әлеуметтік жағынан осы топтарға берілетіндіктен ондай адамдар мақсатты жұмсамаса соттасу қиын. Мүгедек адамды асырап отырған адаммен ондай әрекетке барғың келмейді. Бірақ, бұл мемлекеттің қаражаты. Оған біз жауаптымыз. Қалай жұмсалғанын қадағалау басты міндетіміз. «Баламның оқуына жұмсап жіберіп едім», деп жылап отыратын апаларымыз бар. «Мал алдым, өліп қалды», дейтіндерде табылады. Есеп берер уақытында «ауырып қалатындар», «басқа жаққа шаруасымен кететіндерде» жоқ емес. Бір ауданнан түйеқұс өсіремін деп грант алған соң барып қарадық. «Алып едім, жерсінбей өліп қалды», дейді. Қорасында камера тұр екен. Соны қарасақ, түйеқұстың өзі түгілі, ізіде түспеген. Қазір бірінші лекпен әйелі, екінші лекпен күйеуі алатын жағдайларда кездесуде. Ауданнан комиссия құрып отырған себебіміз осындайға жол бермеу. Сіздер бұл жерлердің адамдарысыздар, білесіздер. Тағы бір ескеретін жайт грант алушының есепшоты ашық болуы тиіс. Себебі біз 5 күн ішінде шартқа отырып, 3 күннен қалдырмай қаржы аударамыз. Былтырда ауданға келіп, кездесіп кеттім. Жыл сайын грант берудің жоспарын көбейтіп келеміз. Былтыр сіздердің аудандарыңызға 30 грант бөлінсе, жер көлемі үлкен, халқы көп деп биыл 35-ке жеткізіп отырмыз. Мүмкін болса өндіріс орындары жоқ шалғай ауылдардың тұрғындары қамтылса жақсы болар еді. Былтыр облыс бойынша грант алғандардан 40 млн. теңге қайтарылған. Ұсынылған бизнес-жобаның тиімділігіне назар аударыңыздар. Жоба жұмыс орнын аша ма? Нақты өмірге қажетті бизнес-жобаларға қолдау көрсетіңіздер. Өндіріс мақсатында болғаны жақсы, – деп әрбір грант алушыға өзінің жауапкершілігін сезінуі қажеттігін түсіндіру керектігін жеткізді.
Аталған орталықтың болжау, жинақтау және талдау бөлімінің басшысы Аяулым Ахаева: – 2024-2025 жылдары Құрманғазы ауданы бойынша алған гранттарын қайтарғандардың ішінен 2 азамат мүмкіндігі шектеулі адамдар, 17-сі көп балалы отбасылар, 1 азамат асыраушысынан айырылған тұлға. Грант иелерінің 9-ы жұмыссыз ретінде, 11-і жеке кәсіпкер ретінде өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Мақсатты пайдаланылуына келетін болсақ 8-і құрал-жабдықтар сатып алуға, 1 азамат өндіріс құралдарына, 10-ы технологиялық жабдықтарға, 1-і мал шаруашылығын дамытуға қаржы жұмсаған. Қызмет түрлері бойынша бөлініс әртүрлі салаларды қамтиды. Атап айтсақ, 2 азамат мал шаруашылығымен айналысса, 4-і тамақ өндірісі бағытында, 8-і автокөлік жөндеу қызметі, бұдан бөлек ағаш құралдарын дайындау шеберханасы, кір сабын өндіру, электрмен жабдықтау жүйесі салалары бойынша да 1 адамнан кәсіп ашқан. Нәтижесінде грант алған азаматтардың есебінен 20 тұрақты жұмыс орны ашылып отыр. Мониторинг барысында кейбірінің қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны да анықталды. Мысалы ауданның бір тұрғыны жартылай шикізат өндіруге алған қаражатын мақсатсыз пайдаланған, яғни бизнес жобасында көрсетілген өндіріс құралдарына жаратпаған. Аталған қаражат сот арқылы өндірілді. Сонымен қатар 20 грант иелерінің 10-ы қаражатты ішінара қайтарған, толық пайдаға асырмаған. Бір азамат өз еркімен толық қайтарған. Қазіргі күні грант иелерінің төртінші есептерін тапсыратын уақыттары болды әлі оны орындаған жоқ. 2024 жылға келсек, 30 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болса оның 6-сы мал шаруашылығына, автокөлік жөндеуге – 4, тігін шеберханасына – 4, сурет салуға – 3, дүкен ашуға – 2, жартылай шикізаттар кондитерлік өндірісіне – 9, жартылай шикізат – 1 адам, барлығы 26 тұрақты жұмыс орны ашылды. Үш адам 2024 жылы грант қаражатын мақсатсыз пайдаланған, олар фастфуд, тігін және жартылай шикізат өндіру бойынша алғандар. Оларға берілген қаражат сот өндірісі арқылы қайтарылды,– деді.
Комиссия мүшелерінің пікірлері тыңдалғаннан кейін Атырау облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Мереке Есқалиев грант алушыларға жадынама жасап тарату қажет деген ұсынысын ортаға салды.
Қанат ҒҰМАРОВ
Түйеқұстың өзі түгілі, ізі жоқ
- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 137

