«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясы өкілдерінің Құрманғазы ауданындағы ақпараттық түсіндірме жұмыстары Теңіз ауылында жалғасты. Мұнда коалиция өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді жан-жақты түсіндірді. Олардың пікірін тыңдап, алдағы референдумда жаппай қолдау көрсетуге шақырды.
Коалиция мүшелері өз сөздерінде ұсынылып отырған өзгерістер елдегі саяси реформалардың логикалық жалғасы екенін атап өтті. Жаңа нормалар азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді күшейтуге бағытталғаны айтылды. Сонымен қатар, Конституция жобасында әлеуметтік кепілдіктердің сақталуы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, еңбек құқықтарын қорғау мәселелері де қамтылғаны жеткізілді.

-Қоғам сенімі – ең маңызды саяси капитал. Оны сақтау мен нығайтудың жалғыз жолы – ашық рәсім, заң үстемдігі және нәтижеге бағытталған саясат. Алдағы референдум – жауапкершілікті қайта құрылымдау кезеңінің жалғасы. Бұл – мемлекеттің институционалдық беріктігін арттыруға бағытталған саналы таңдау, - деді өз сөзінде аудандық мәслихат депутаты Жұмажан Шакупов.
Кездесу барысында Теңіз ауылының тұрғындары көкейдегі сауалдарына жауап алып, даму мен тұрақтылық үшін алдағы референдумда белсенділік танытатындықтарын айтты.
Айнагүл Күнұзаққызы



