«Таза Қазақстан» бастамасы елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартумен ғана шектелмей, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Қала көшесінің, аула мен қоғамдық орындардың тазалығы ең алдымен сол жерде өмір сүретін адамдардың мәдениетін көрсетеді.
Атырауда да абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңызы зор. Әсіресе тұрғындар көп шоғырланатын саябақтар, жағалау, аулалар мен демалыс орындарының тазалығын сақтау ортақ міндетке айналуы тиіс. Коммуналдық қызметтің еңбегі тұрғындардың жауапкершілігімен ұштасқанда ғана нәтиже тұрақты болады.
Тазалықты бір реттік сенбілікпен шектеуге болмайды. Әр азамат өзі тұрған ортаның көркеюіне үлес қосып, қоқысты белгіленген жерге тастап, жасыл желекке ұқыпты қараса, қаланың келбеті де өзгереді. Таза орта – өркениетті қоғамның белгісі.
Айдана ҚАЛИЕВА, Атырау қаласы.


