Тазалық – бір реттік акция емес...

(0 Votes)

«Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл акция қоршаған ортаны таза ұстауға үндеп қана қоймай, әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығы мен жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Тазалық – тек айналаны қоқыстан тазарту емес, ол – қоғамдық тәртіпті сақтау, табиғатты аялау және келер ұрпаққа таза орта қалдыру деген сөз.

Атырау облысында аталған акция аясында көптеген игі жұмыстар жүзеге асырылуда. Елді мекендерде сенбіліктер өткізіліп, көшелер мен қоғамдық орындар, су айдындарының жағалаулары тазартылып жатыр. Сонымен қатар ағаш отырғызу, аумақтарды көгалдандыру, тұрғындарды экологиялық мәдениетке баулуға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға еріктілер, жастар, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпорын ұжымдары және белсенді тұрғындар бірлесіп қатысып келеді.

Құрманғазы ауданында да тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстарға тұрғындар белсенді үлес қосып жүр. Ауылдардың көркеюіне атсалысып, табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті сезіну – әр азаматтың парызы деп ойлаймын. Осындай ортақ іске халықтың жұмыла қатысуы туған өлкеміздің ажарын арттырып, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына оң әсер етеді.

Меніңше, тазалық – бір реттік акция емес, ол әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы керек. Әркім өз үйінің ауласын, көшесін, жұмыс орнын таза ұстаса, бүкіл қоғамның мәдениеті де жоғарылайды. «Таза Қазақстан» акциясының маңызы да – адамдарды осындай игі іске біріктіріп, табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеуінде.

Таза қоршаған орта – денсаулықтың, жайлы өмірдің және болашақ ұрпақтың игілігінің негізі. Сондықтан әрбіріміз табиғатты қорғауға және туған жеріміздің тазалығын сақтауға өз үлесімізді қосуымыз қажет.

Бағилат Абдолова,

ардагер ұстаз

Құрманғазы ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT