ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ТАЗА АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫ

(0 Votes)

Мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2024 жылдың 8-сәуірінен бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды жоба болып табылады.

2024 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – тұтас халықты ұйыстыратын берекелі бастама екені атап өтіліп, бұл маңызды жобаны жыл бойы жалғастыру қажеттігі ерекше айтылды.

Осы игі бастама аясында Бірлік ауылдық округінде де бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ауыл тұрғындары тазалық шараларына белсенді қатысып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосуда. Округ көлемінде тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындар тазаланып, тұрмыстық қалдықтар шығарылып, жасыл желектер ретке келтірілуде.

Ауылдың тазалығы – оның көркі. Таза көше, ұқыпты аула – әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Сондықтан тазалық мәселесі тек сенбілікпен шектелмеуі тиіс. Әрбір азамат өз ауласының тазалығына бейжай қарамай, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығарып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуы қажет. Қоршаған ортаны ластау – тек табиғатқа ғана емес, адам денсаулығына да зиян келтіретінін ұмытпаған жөн. Таза ауыл – тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасының кепілі.

Осы орайда барша тұрғындарды тазалықты сақтауға, туған жерімізді көркейтуге және «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға шақырамыз. Тазалық – әрқайсымыздан басталады!

В. Кабулова,

Бірлік ауылдық округінің бас маманы

​​​

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT