Қазақстан бойынша кең көлемде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бүгін аудан орталығы Аққыстау ауылдық округінде ауқымды сенбілік ұйымдастырды.
Көктемнің алғашқы лебі сезілген шақта ауыл көшелері ерекше қарбаласқа бөленді. Бірі қолына күрек ұстап, бірі тырма, енді бірі қап арқалап, ортақ іске жұмылды. Ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен 20 мекемеден 150 адам сенбілікке қатысып, елді мекен аумағын күл-қоқыстан тазартуға белсене кірісті. Бір техника тартылып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Аққыстау ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, нәтижесінде 8 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық арнайы орындарға шығарылған. Бұл әрине бір күндік еңбектің нақты жемісі ғана емес, қоршаған ортаға деген жанашыр көзқарастың салмақты көрсеткіші.
Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ерболат Махашев сенбіліктің маңыздылығына тоқталып:
– Тазалық – баршамызға ортақ іс. Бүгінгі сенбілікке ауылдағы мекемелер мен ұйым қызметкерлері белсенді қатысты. Бұл – ауылымыздың көркеюіне деген жауапкершіліктің айғағы. Осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қоса береді,-деді.
Тазалық – мәдениеттің өлшемі десек, бүгінгі сенбілік сол мәдениеттің биік үлгісін аңғартты. Әрбір жиналған қоқыс, әрбір тазартылған аула – келер ұрпаққа деген қамқорлықтың белгісі. Өйткені туған жердің тазалығы – оның келбеті, ал келбетті сақтау – әр азаматтың парызы. «Таза Қазақстан» акциясы осындай игі істер арқылы қоғам санасына экологиялық мәдениетті орнықтыруды мақсат етеді. Табиғатты аялау – бір реттік шара емес, күнделікті әдетке айналуы тиіс құндылық. Бүгінгі сенбілік соның жарқын дәлелі болды.
Сағыныш ҚАЙЫР

