Тарихи мүмкіндік: Атыраулық спортшы Олимпиадаға жолдама алды

(0 Votes)

Атыраулық жас спортшы Дарья Чеснокова 2026 жылы Жасөспірімдер Олимпиада ойындары жарысында Қазақстан намысын қорғайды. Аталған дода 30 қазан мен 13 қараша аралығында Дакар қаласында өтеді. Бұл жас спортшы үшін спорттық мансабындағы ең маңызды жарыстардың бірі болмақ және әлемнің үздік 18 жасқа дейінгі спортшыларымен халықаралық аренада бақ сынауға үлкен мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда жарысқа дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Жаттықтырушылар құрамы Дарьяның жоғары жауапкершілігін ерекше атап өтуде. Дәл осы қасиеттерінің арқасында ол осындай жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Атырау облысының жүзу спорты бойынша бас жаттықтырушысы Иван Галкин бұл жетістіктің маңыздылығын атап өтті:

— Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына жолдама алу – кез келген жас спортшы үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл жетістік – жылдар бойғы қажырлы еңбек, күнделікті жаттығу, мінездің нәтижесі. Дарья үлкен жолдан өтті және Қазақстан атынан осындай беделді жарыста өнер көрсетуге лайық екенін дәлелдеді. Қазір біздің басты міндетіміз – оны жарысқа  дайындап, Дакарда бабына келтіру. Біз оған сенеміз және сәтті өнер көрсетуі үшін бар күшімізді саламыз.

Атырау жұртшылығы Дарья Чеснокованың Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына қатысуы өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан спорты үшін маңызды оқиға боларына сенімді. Жанкүйерлер де спортшыны оның олимпиадалық арманы жолында қолдауға дайын.

Баян Жанұзақова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT