Табиғи су айдындарының экологиялық тепе-теңдігін сақтау және балық қорын молайту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта «Каспий таңы» өндірістік кооперативінің су айдындарында балық қырылуының алдын алу жөнінде Кудряшов ауылдық округіне қарасты бекітілген су айдындарында арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Биылғы жылы өр суының күрт төмендеуі және су айдындарында өсетін қатты өсімдіктердің шамадан тыс көбеюі салдарынан балықтардың, әсіресе шабақтардың жаппай қырылу қаупі туындады. Осыған байланысты табиғи су көздерін сақтап қалу мақсатында шабақтарды құтқару, оларды тіршілік етуге қолайлы су айдындарына көшіру, сондай-ақ су арналарының өткізгіштігін жақсарту үшін қатты өсімдіктерді шабу жұмыстары жүргізілді.
Аталған жұмыстарға жауапты мамандар мен өндірістік кооператив қызметкерлері бірлесіп қатысып, су айдындарын мұқият бақылап, қауіпті аймақтардағы шабақтарды қауіпсіз жерлерге көшіру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырды. Сонымен қатар су айналымын жақсарту және оттегінің жеткілікті деңгейде болуын қамтамасыз ету мақсатында 15 маусымнан бастап алғанда 2,950 га қамыс пен басқа да су өсімдіктері шабылып, 500 м3 арық каналдары қазылып, ау құралымен және арық арқылы ағызу жолдарымен 1 925 000 дана балық шабақтары құтқарылды.
Мұндай шаралар балық қорының сақталуына, су экожүйесінің табиғи тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және болашақта балық шаруашылығының тұрақты дамуына зор үлес қосады. Табиғатты қорғау – тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, табиғи байлықтарды сақтауға бағытталған игі бастамаларға қолдау көрсету – бәрімізге ортақ жауапкершілік.
Шабақтарды құтқару жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
Мейрамбек Хатенов,
“Каспий Таңы” ӨК маманы

