Серік Шәпкенов зиялы қауым өкілдерімен кездесті

(0 Votes)

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында 15 наурыздағы республикалық референдумда талқыланатын жаңа Конституция жобасы жөнінде пікір алмасып, қоғам өкілдері ел болашағына қатысты маңызды өзгерістер туралы ойларын білдірді.

Аймақ басшысы бүгінгі кезеңнің тарихи маңызына тоқталып, ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Біз қазір тарихтың жаңа белесіне қадам басып, ел дамуының бағытын айқындайтын маңызды сәттің куәсі болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформалардың маңыздылығын айқын атап өткен болатын. Содан бері қоғамда жаңа Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Халық тарапынан айтылған ұсыныстарды жүйелеп, саралау мақсатында 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына еліміздің әр өңірінен білікті мамандар, қоғам қайраткерлері енді.

Жалпы азаматтардан мемлекеттік комиссияға цифрлық платформалар арқылы 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Осы уақытқа дейін Конституциялық комиссияның 12 отырысы өтіп, әр ұсыныс жан-жақты талқыланды. Комиссия мүшелері енгізілетін түзетулердің ауқымы өте үлкен екенін ескере отырып, қолданыстағы Ата заңға жекелеген өзгерістер енгізу жеткіліксіз деген қорытындыға келді. Сондықтан қазіргі жағдайда мүлде жаңа Конституция қабылдау жөнінде шешім қабылданды.

Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланып, қоғам талқысына ұсынылды. Бұл бастама жұртшылықтың айрықша назарын аударды. Бұл құжат мемлекетіміздің дамуы жаңа бағытқа бет алғанын, еліміздің сапалы тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бүгінгі кездесуіміздің негізгі мақсаты – осы конституциялық реформалардың мәнін түсіндіру, оның маңызын қоғаммен бірге талқылау, — деді облыс әкімі.

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев еліміздің ауқымды конституциялық өзгерістер кезеңіне аяқ басқанын айтты.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен құрылып, өңірлерді аралап, халықпен кездесулер өткіздік. Бүгінде әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде шешім қабылдануы – сол бастамалардың заңды жалғасы.

Президент Ассамблеяның Ақсақалдар кеңесіне адал азамат тәрбиелеу міндетін жүктеді. Адам еңбек етіп, адал табыс табуы тиіс. Осы екі ұғым – қоғам дамуының негізі. Конституция – елдің болашақ даму жолын айқындайтын басты құжат. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құрудың негізі әділетті қоғам қалыптастырудан басталуы қажет.

Мен жаңа Конституция жобасының қазақша, орысша да нұсқаларын оқып шықтым. Құжаттағы көптеген ұғымдар халқымыздың дүниетанымына жақын екені байқалады. Халықпен кездесулер кезінде де азаматтардың бұл құжатқа ерекше қызығушылық танытып, өз ұсыныстарын білдіргенін көрдік.

Сонымен қатар қазіргі заманда азаматтардың жеке деректері мен банктік құпияларын қорғау мәселесі де аса маңызды. Тіпті өз басым цифрлық алаяқтық әрекеттеріне тап болған жағдай болды. Сондықтан мұндай қауіптердің алдын алу үшін заңнамалық деңгейде нақты қорғау тетіктерінің болуы өте маңызды.

Бүгінде әлемдегі геосаяси жағдайлар күрделі. Сондықтан еліміздің бірлігін сақтап, халықтың ынтымағын нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз, — деді Кеңес Темірұлы.

Жиын барысында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Сайполла Сапанов бұл құжаттың стратегиялық мақсаты бірнеше бағытқа негізделгенін айтты.

– Саясаттанудың бір қағидасы бар. Бүгінгі саясат – ертеңгі тарих. Сондықтан 15 наурыздағы референдумда жаңа Конституция жобасы ел тарихында өз орнын алады деп ойлаймын. Құжаттағы демократиялық институттарды нығайту, партиялық бәсекелестікті арттыру, азаматтық қоғамды дамыту, қоғамдағы бақылау тетіктерін күшейту және әлеуметтік мемлекет қағидаттарын сақтау туралы басым бағыттар стратегиялық тұрғыдан өте маңызды. Сонымен қатар, жаңа Конституция мемлекеттік билік жүйесінің трансформациясын қамтамасыз етеді. Құрылтайдың өкілеттілігін күшейту, үкіметтің жауапкершілігін арттыру және билік тармақтарының теңдігін сақтау маңызды шаралар ретінде қарастырылған. Бұл құжат билік жүйесінің дамуын реттеп, Қазақстанның демократиялық дайындыққа ұмтылуын айқын көрсетеді.

Жаңа Конституцияның стратегиялық преамбуласында білім, ғылым және инновация басты орынға қойылған. Ғылым мен білім саласын стратегиялық басымдыққа шығару – елдің даму бағытын көрсететін маңызды қадам. Бұл әрбір саланың, соның ішінде экономикалық тұрақтылық, азаматтық қоғамның дамуы, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, білім мен ғылым салаларын дамытуға арналған, — деді Сайполла Жұмабайұлы.

Композитор Болат Қохаманов та жаңа өзгерістердің мәдениет пен өнер саласына әсеріне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция интеллектуалдық меншікті қорғауға ерекше назар аударып отыр. Бұл шығармашылық адамдар үшін аса маңызды мәселе.

– Біз қазір заңнамалық өзгерістер мен еліміздің рухани және интеллектуалды бағытын айқындайтын жаңа тарихи кезеңге аяқ басып отырмыз. Осы құжат арқылы біздің әндеріміз, шығармаларымыз, ақындар мен композиторлардың еңбектері заң түрінде қорғалатын болады. Бұл – шығармашылық қауым үшін үлкен қуаныш, себебі конституция жобасы арқылы ұлттық тілде жасалған шығармаларымыз қорғалатын болады.

Бұл жаңа қадам екі маңызды аспектіні қамтиды. Біріншіден, құжат ұлттық құндылықтарды, мәдени мұрамызды қорғауды қамтамасыз етеді. Екіншіден, ол бізге үлкен сенім береді. Енді елдің болашағы тек табиғи ресурстарға емес, әр азаматтың терең идеяларына, шығармашылық әлеуетіне негізделеді.

Өнер адамдары үшін бұл құжат қанат бітіреді, еркін ойлауға және жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік береді, — деді композитор.

Ал «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі Гүлнұр Саясатқызы қоғамдағы өзгерістердің жылдамдығына тоқталып, жаңа заңдардың заман талабына сай болуы қажеттігін айтты. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мектеп кезеңін еске алып, сол кездегі технологиялық мүмкіндіктер мен қазіргі цифрлық дәуірді салыстырды.

– Біз мектепте оқығанда бүкіл мектепте үш-ақ компьютер болатын. Информатика сабағын ерекше асыға күтетінбіз. Ал қазір әр баланың қолында телефон, планшет, ноутбук бар. Заман өзгерді. Технология дамыды. Сонымен қатар жаңа мәселелер де пайда болды. Буллинг, суицид, киберқауіпсіздік сияқты мәселелер қоғамда жиі айтылып жүр. Конституцияда балалардың құқықтарын қорғау, отбасы институтын сақтау және ұлттық құндылықтарды қорғау мәселелерінің нақты көрсетілуі өте маңызды, — деді ол.

Айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» Атырау филиалының төрағасы Саадат Нұрманов жаңа Конституция жобасында қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу сияқты маңызды мәселелердің нақты көрсетілгенін айтты. Оның пікірінше, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу де осы құжатта айқын көрініс табуы тиіс.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Серік Шапкенов жаңа Конституцияның басты қағидаттары әділеттілік, заң үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғау екенін атап өтті.

– Егер біз дамыған мемлекет болғымыз келсе, ең алдымен әділеттілікті алдыңғы орынға қоюымыз керек. Бұл Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғау, ғылым мен білімді дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау сияқты маңызды бағыттардың барлығы қамтылған, — Серік Жамбылұлы.

Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.

Алмас ҚАБДОЛ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT