«Теңізшевройл» компаниясында бүгінде жүздеген қазақстандық еңбек етеді, олардың қатарында Атырау облысының мамандары да аз емес. Солардың бірі — Махамбет ауданының тумасы Әсем Аманғалиева. Қазір ол жергілікті кадрларды дамыту және қазақстандық қамтуды арттыру бағытында жұмыс істейді — бұл өңірдің қалай өсіп, дамитынына тікелей әсер ететін сала.
Әсем үшін бұл жай ғана көрсеткіштермен жұмыс емес. Сандардың артында нақты өзгерістер тұр: жерлестер үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жергілікті бизнестің дамуы, өңір мамандарының біліктілігін арттыру.
Оның Теңізбен байланысы студенттік жылдары, тәжірибеден өту кезінде басталған. Сол кезде ол өндірістің ауқымын алғаш көріп, шағын ауданнан шыққан адам да халықаралық компанияда маман болып, туған өлкесінің дамуына үлес қоса алатынын түсінген.
«Мен үшін жұмысымның нақты пайда әкелгені маңызды. Біздің салада нәтиже бірден көріне бермейді, бірақ уақыт өте келе сезіледі», — дейді Әсем.
Бүгінде оның бағыты нақты нәтижелер беріп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ТШО-ның бизнес-серіктестеріндегі қызметкерлердің 96%-ы — қазақстандықтар, ал сатып алудағы қазақстандық қамту үлесі 71%-ға жетті. Бұл жергілікті мамандар мен кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктердің артып келе жатқанын білдіреді.
Оның жұмысындағы ең күрделі тұстар — бизнес пен адами фактор тоғысатын шешімдер. Дегенмен, әріптестерінің айтуынша, дәл осындай жағдайларда нағыз кәсібилік айқын көрінеді.
Әсемнің айтуынша, мұнай-газ саласында шешуші рөлді кәсіби біліктілік атқарады.
Ол қазақстандық қамтуды дамыту — ұзақ мерзімді жұмыс екенін атап өтеді, оның негізінде адамдарға салынған инвестиция жатыр. Ал басты көрсеткіш — Атырау облысының кез келген ауылынан шыққан маманның шыққан тегіне емес, жоғары кәсібилігіне қарай бағалануы.

