Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты зиянды жәндіктердің көбею қаупі артып, санитарлық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау маңызды. Осыған байланысты қала аумағында дезинфекциялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында бірқатар шаралар атқарылуда. Арнайы мамандар қала көшелерін, саябақтарды, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен ортақ пайдаланылатын аумақтарды, қоқыс алаңдарын кезең-кезеңімен залалсыздандыруда.
Жұмыстар санитарлық талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, адам денсаулығына қауіпсіз және қоршаған ортаға зияны жоқ арнайы препараттар қолданылуда. Өңдеу шаралары белгіленген кестеге сай екі апта сайын жүргізіліп, тұрғындарға қолайсыздық тудырмау мақсатында көбіне кешкі және түнгі уақытта атқарылады. Қалалық әкімдіктің бас маманы Есен Темірбаевтың айтуынша, дезинфекциялық жұмыстар жыл басынан бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
– Санитарлық тазалықты сақтау – ортақ міндет. Тұрғындардан келіп түсетін өтініштер бақылауға алынып, көрсетілген мекенжайлар бойынша қосымша жұмыстар жүргізіледі. «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, таза әрі қауіпсіз қала қалыптастыру, – дейді Есен Темірбаев.
Мамандар дезинфекция кезінде тұрғындарға қарапайым сақтық шараларын сақтауға кеңес береді. Өңдеу жұмыстары жүргізілген уақытта терезелерді уақытша жауып қою, балалардың аумақта болуын шектеу және ашық жерде тұрған тағам өнімдерін қорғау қажет.
Қала аумағын тазарту және залалсыздандыру жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жалғасады. Тазалық сақтау – әрбір тұрғынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің көрінісі. Таза қала – «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты.
А. Махамбетова

