Атырау қаласындағы «Самал» шағынауданы – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй алаптарының бірі. Бүгінде мұнда жаңа үйлер бой көтеріп, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Бұдан бірнеше жыл бұрын бұл аумақтың көрінісі мүлде басқаша болатын. Қоқыс басқан, қараусыз жатқан бос жерлер көп еді. Осындай жағдайға бейжай қарамаған тұрғындар өз беттерімен шағынауданның келбетін өзгертуге кіріскен.
Ынтымақ түбі – игілік
Жуырда Әбіш Кекілбайұлы атындағы №41 мектеп-гимназиясы мен №39 «Ақкөгершін» балабақшасының арасындағы аумаққа төрт жыл бұрын егілген ағаштардың қазіргі жай-күйін көзбен көрдік. Жайқалып өсіп тұрған 100-ден астам жергілікті климатқа бейім, тұзды топыраққа төзімді шаған (ясень) ағашы шағын көшенің сәнін келтіріп тұр.
Сөйтсек, осы игі істің бастамашысы шағынаудан тұрғыны, ландшафт дизайнері Балмұрат Жексенов екен. Ол «Самалға» 2011 жылы көшіп келіпті.
– Біз келгенде бұл жерде ештеңе болған жоқ. Атыраудың жағдайын білесіздер ғой, айнала қоқысқа толы еді. Кейін үйлер салына бастады. Бұрынғы жоспар бойынша бұл жерде тұрғындардың демалыс аймағы болуы керек екен, неге екені белгісіз, учаскенің бір бөлігі жекеменшікке беріліп кетті. Сосын көршілер болып жиналып, тым болмаса адамдар демалатын шағын орын жасайық деп ойладық. Әкімдікке барып едік, мұндай жобаларға миллиондаған қаржы керек екенін айтты. Содан кейін өз күшімізбен қолға алуға шешім қабылдадық, — дейді Балмұрат Сәтекенұлы.
Тұрғындардың бастамасына белсенді азаматтар да қолдау білдірген. Сөйтіп, мектеп пен балабақшаның арасындағы бос аумақ тұрғындардың қарауына берілген.
– Бізге тек жер керек болды, «қалғанын өзіміз жасаймыз» дедік. Көршілердің бәрі қолдады. Ауылдан көшіп келген, еңбекқор адамдар көп. Бәрі де сөзге келместен құптап, бірден іске кірісті. Ойымызды еңбек ардагері Ізғали Ғұмаров ағамыз да қолдады. Сөйтіп осы жерге шамамен елу шақты отбасы әрқайсысы екі көшеттен отырғызды, — дейді бастамашы.
Тұрғынның айтуынша, ағаш отырғызу жұмыстары төрт жыл бұрын су тасқынынан бұрын жүргізілген. Бұл жұмыстар көршілердің өз қаражатына жасалыпты, бірі көшет әкелсе, енді бірі топырақ тасып, үшіншісі қол күшімен көмектескен.
– Бұрын көршілер бір-бірімізді жақсы танымайтын едік. Ағаш отырғызғаннан кейін жақын араласа бастадық, қарым-қатынасымыз да нығайды. Жасы үлкен тұрғындар немерелерін ертіп келіп, ағаш екті. Тіпті, жасы жетпістен асқан қариялар да білек сыбана қатысып, ортақ іс тындырдық, — дейді Балмұрат Жексенов.
Көлемі 7500 шаршы метр болатын аумаққа көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін су мәселесін шешу де оңай болмапты. Сонда №41 мектеп-гимназиясының басшылығы тұрғындарға қолдау көрсеткен.
– Мектеп ұжымына да рақмет, суару жүйесін жүргізуге рұқсат берді. Кейін тамшылатып суару жүйесін өзіміз жүргіздік. Су мектептен келеді. Мектепке де пайдалы, бізге де пайдалы. Балабақша да көмектесті. Біз де қолымыздан келгенше мектеп пен балабақшаға ағаш беріп, топырақ жеткізіп, қолдау көрсетіп жүрдік. Сондықтан екі мекемеге де алғысымыз шексіз, — дейді ол.
Мектеп пен балабақша арасындағы аумақты көгалдандыру мақсатында суару жүйесін ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде отырғызылған барлық көшеттер тамыр жайып, жайқалып өсіп кеткен.
Дегенмен, тұрғындардың айтуынша, бүгінде ағаштардың өсіп-жетілуіне кедергілер де жоқ емес. Оның бірі – аумақтағы арамшөп пен тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнер алаңы.
– Біз болашақта бұл жерге топырақ төгіп, гүл отырғызып, орындықтар қойып, адамдар демалатын жасыл аймақ жасағымыз келеді. Бірақ дәл жанымызда қоқыс контейнерлері тұр. Бұл мектеп пен балабақша арасындағы санитарлық аймаққа да сәйкес келмейді. Әкімдікке бірнеше рет айттық, әзірге нәтиже жоқ, — дейді тұрғын.
Оның айтуынша, қоқыс контейнерлері балалардың қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайға да әсер етеді. Себебі мектеп пен балабақшаға келетін балалардың қозғалысы көп.
Жақсы іске жанашырлық қажет
Бұл мәселені «Самал» шағынауданында тұратын Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бауыржан Әжіғалиев те көтеріп жүр.
– Біз әкімдікке де, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне де ұсыныс бердік. Ағаштарды тұрғындар екті, өсірді. Енді олардың күтімін коммуналдық мекемелер өз қарауына алса дейміз. Арамшөпті шауып, аптасына екі рет суарып тұрса жеткілікті. Қоқыс алаңын басқа жерге көшіру туралы да мәселе көтердік. Бірақ әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, — дейді депутат.
Бауыржан Әжіғалиевтің айтуынша, өзі басқа округтен сайланғанымен, «Самал» шағынауданында тұратындықтан бұл мәселеге бейжай қарай алмайды.
– Қай жерде проблема болса, соған көмектесуге тырысамын. Бұл – халықтың болашағы үшін жасалып жатқан жұмыс. Ертең ағаштар үлкен болып өссе, көлеңке болады, адамдар демалады, балалар ойнайды, — дейді ол.
Депутаттың айтуынша, тұрғындардың бастамасымен бұған дейін жаяу жүргіншілер жолы мен қауіпсіздікке қатысты басқа да мәселелер шешімін тауыпты. Алайда мектеп пен балабақша маңындағы қоқыс контейнерлері әлі де тұрғындарды алаңдатып отыр.
Балмұрат Жексенов пен көршілерінің жоспары мұнымен шектелмейді. Болашақта олар аумақты толыққанды жасыл аймаққа айналдыруды көздейді.
– Алдағы уақытта шабдалы, өрік секілді жеміс ағаштарын отырғызу ойда бар. Егер жағдай жасалса, гүлдің түрін егіп, орындықтар қойып, тұрғындар тынығатын әдемі саябақ жасауға болады. Балалар да өз қолымен еккен ағашты сындырмайды, күтіп жүреді. Сондықтан мұндай жұмыстардың тәрбиелік мәні де зор, — дейді Балмұрат Сәтекенұлы.
Төрт жыл бұрын қараусыз жатқан аумақтың бүгінде жасыл желекке оранып келе жатқанына өзіміз куә болдық. Әрине, бұл – қарапайым тұрғындардың ынтасы мен ұйымшылдығының нәтижесі. Енді тұрғындар басталған істің жалғасын тапқанын қалайды.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ботагөз ИСАТАЙ


