Атырау облыстық перинаталдық орталығында бүгін, 15 наурыз – референдум күні егіз сәбилер дүниеге келді. Бұған дейін референдум қарсаңында аталған орталықта үш егіз бен екі үшем өмірге келген болатын.
Референдум күні түнгі сағат 00:00-ден 19:00-ге дейін орталықта 20 сәби дүниеге келді. Оның тоғызы – ұл, он екісі – қыз. Солардың ішінде бір ұл мен бір қыз егіз бар.
Атырау облыстық перинаталдық орталығы мекемесінде орналасқан №22 жабық референдум учаскесінде қазіргі уақытқа дейін 112 ана дауыс берді. Олардың қатарында егіз сәбилердің анасы Манара Мустафина да бар.
— Перзентханада алғаш рет дауыс беріп тұрмын. Референдум қарсаңында тұңғыш егіз ұлдарымды дүниеге әкелдім. Осы оқиғамен тұспа-тұс сәбилерімнің дүниеге келуі мен үшін ерекше қуаныш. Елдің ертеңі үшін қызмет ететін азаматтар болып өссін деп тілейміз. Осы референдумда Қазақстанның болашағы, ұлдарымның болашағы үшін дауыс бердім, – дейді жас ана.
Атырау облыстық перинаталдық орталығы директорының орынбасары, №22 референдум учаскесінің төрайымы Айнұр Жұмағалиева республикалық референдумға қатысу үшін аналарға барлық жағдай жасалғанын айтты.
— Жүкті және босанған аналарға барлық жағдай қарастырылған. Орталығымызда жылдан жылға босанушылар саны артып келеді. Аналар өздерінің және балаларының болашағы үшін маңызды референдумға белсенді қатысып, өз дауыстарын берді, – деді Айнұр Жұмағалиева. Нұргүл Насыр

