Шортанбай жалпы орта білім беретін мектебінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» халықтық коалициясы мүшелерінің қатысуымен ашық форматтағы кездесу өтті. Іс-шара барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен талқыланды.
Коалиция өкілдері педагогикалық ұжымға алдағы референдумның маңызы мен ұсынылып отырған өзгерістердің ел дамуына ықпалы жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Кездесу ашық диалог алаңында өтіп, қатысушылар өз ойларын еркін білдіруге мүмкіндік алды.
Жиынға коалиция жетекшісі Ерлан Хисметуллин, коалиция мүшелері Есболат Кубашев, Ауез Изжанов және Берик Анесов қатысты.
Спикерлер өз сөздерінде Конституциялық реформалардың басты мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және қоғамдағы ашықтық қағидаттарын орнықтыру екенін атап өтті.
Кездесу барысында ұстаздар қауымы білім саласына қатысты құқықтық кепілдіктер, әлеуметтік қолдау шаралары және заңнамалық өзгерістердің практикалық маңызы жөнінде сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Қатысушылар референдум – ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды саяси қадам екенін айтып, әр азаматтың белсенділігі мен саналы таңдауы ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай мазмұнды кездесулер қоғамның түрлі салаларында жалғасатынын атап өтті.

