Атырау облысында 2026–2027 жылдарға арналған жазғы, күзгі және қысқы аңшылық маусымы 1 шілдеде басталып, келер жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірде жануарларды аулау мерзімдері белгіленген.
– Мәселен, шалшықшыны аулауға 1 шілде мен 30 қараша аралығы, кептерге – 20 тамыздан 30 қарашаға дейін рұқсат етіледі. Жанат тәрізді итті 1 қыркүйектен қысқы ұйқыға кеткенге дейін аулауға болады. Жабайы шошқаны аулау маусымы 5 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Борсыққа – 1 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, ал шілге 6 қыркүйектен 30 қарашаға дейін аңшылық жасауға болады, – деді Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Эльмира Құрманғалиева.
Суда жүзетін жабайы құстарды 12 қыркүйектен 12 желтоқсанға дейін, ал түлкі мен қоянды 1 қарашадан 15 ақпанға дейін аулауға рұқсат етілген.
Аңшылық тек заңнамада белгіленген аңшылық алқаптарында жүргізіледі. Қазір облыста аңшылық шаруашылығы субъектілеріне бекітілген алты аңшылық алқабы жұмыс істейді.
Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарындағы аңшылық алқаптары «Атырау облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамына» бекітілген. Ал «Astau LLP» ЖШС Құрманғазы ауданындағы «Кигаш» және Қызылқоға ауданындағы «Қызылқоға» аңшылық алқаптарын пайдаланады. Сондай-ақ, Жылыой ауданындағы «Жылыой-Желтау» аңшылық алқабы «Қанатбаев С» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі.
Аңшылыққа шығатын азаматтар өзімен бірге міндетті түрде аңшы куәлігін, атыс қаруын сақтауға және алып жүруге берілген рұқсат құжатын, сондай-ақ аңшылық шаруашылығы субъектісі берген жолдаманы алып жүруі тиіс.
Аңшылық маусымы кезінде Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Табиғат қорғау заңнамасын бұзған азаматтар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

