МОБИЛЬДІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ: Бөденеде жол мәселесі шешіліп, төрт тұрғын жұмысқа орналасты

(0 Votes)

«Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Индер ауданының Бөдене ауылында мобильді қоғамдық қабылдау өтті. Ауыл тұрғындары жауапты сала өкілдеріне өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, бірқатар өтініш бойынша нақты шешім қабылданды.

Қабылдауға Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Айгүл Әмірғалиева, облыстық мәслихат депутаттары Саламат Идрисов пен Жанай Амантурлин, партия филиалының, жергілікті мемлекеттік мекемелердің өкілдері және заңгерлер қатысты.

Мобильді қабылдауға 20 тұрғын келіп, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, тұрғын үйлерді апатты деп тану және ауыл инфрақұрылымына қатысты мәселелерді көтерді. Әрбір өтініш жеке қаралып, жауапты мамандар тұрғындарға заң аясында түсініктеме берді.

Қабылдау барысында Бөдене ауылының байырғы тұрғыны, 78 жастағы Нақыш Құмашева тұрғындардың атынан өздері тұратын көшеге жол төсеу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, тұрғындарды алаңдатқан бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келген.

– Көшемізде тас жол жоқ. Мәселе біраз уақыттан бері өзекті. «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы Бөдене ауылына арнайы келіп, тұрғындардың талап-ұсыныстарына құлақ асты. Партия өкілдері біздің өтінішімізге бейжай қарамай, жауапты мекемелермен байланыс орнатты. Нәтижесінде көшемізге жуырда тасжол төселетін болды. Көптен күткен мәселеміздің оңынан шешіліп жатқанына қуаныштымыз, - деді Нақыш Құмашева.

Сонымен қатар мобильді қоғамдық қабылдаудың нәтижесінде төрт тұрғын жұмысқа орналасты.

Қалған өтініштер назарға алынып, құзырлы мемлекеттік мекемелерге жолданды. Олардың орындалу барысы «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының бақылауында болады.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT