Мемлекеттік қызмет жүйесінде кәсіби кадрларды тарту және жастардың мемлекеттік басқаруға қызығушылығын арттыру мемлекеттік кадр саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта заңнамада жекелеген санаттағы азаматтарды мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындау тетіктері қарастырылған.
Мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке тағайындау мүмкіндіктері қарастырылған. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне берілетін мүмкіндік. Бұл мүмкіндік мемлекеттік басқару саласында арнайы даярлықтан өткен, заманауи басқару тәсілдерін меңгерген мамандарды мемлекетік қызметке тартуға бағытталған.
Ағымдағы жылдың 19 мамырында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясына сәйкес, Академия түлектеріне қатысты маңызды өзгеріс енгізілді. Бұған дейін оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі берілсе, енді бұл мерзім екі жылға дейін ұзартылды.
Осылайша, Академия түлектері оқуын тәмамдаған күннен бастап екі жыл ішінде конкурстық іріктеуден өтпей жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда, мәслихат аппараттарында, тексеру комиссияларында, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға тағайындала алады.
Сонымен қатар, жастардың мемлекеттік қызметке келуін ынталандыру мақсатында жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне арналған конкурссыз тағайындау институты да заңнамалық деңгейде бекітілген.
Атап айтқанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын GPA көрсеткіші кемінде 3,33 деңгейімен аяқтаған түлектер оқуын бітірген күннен бастап бір жыл ішінде конкурстық рәсімдерден өтпей мемлекеттік қызметке орналаса алады.
Жаңадан қабылданған Заң талаптарына сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап бұл мүмкіндік тек мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыған түлектерге ғана емес, ақылы бөлімде білім алған, бірақ GPA көрсеткіші кемінде 3,33 болатын түлектерге де берілді. Бұл өзгеріс мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде оқу нысанына емес, түлектің академиялық жетістігіне басымдық берілетінін көрсетеді.
Аталған жеңілдік негізінен аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдіктердің, сондай-ақ мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі төменгі әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға қатысты қолданылады. Бұл өз кезегінде өңірлердегі кадр тапшылығын азайтып, жас мамандарды ауылдық жерлерде еңбек етуге ынталандыруға мүмкіндік береді.
Атырау облысында да бұл тетік тиімді қолданылып келеді. Мәселен, биыл конкурссыз тағайындау тәртібімен төрт жоғары оқу орнының түлегі аудандық, ауылдық округтерге мемлекеттік қызметке қабылданды. Ал аталған норма енгізілгеннен бастап, 2023 жылдан бері аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға барлығы 27 түлек тағайындалған.
Сонымен бірге, конкурссыз тағайындау барлық азаматтарға бірдей түрде қолданылмайды. Үміткерлер мемлекеттік қызметке қойылатын жалпы талаптарға толық сәйкес келуі тиіс. Атап айтқанда, олардың қажетті білімі, еңбек өтілі, лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріліп, мемлекеттік қызметке кіруге заңнамамен белгіленген шектеулердің болмауы міндетті түрде қаралады.
Жалпы алғанда, конкурссыз тағайындау институты – мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін сақтай отырып, талантты жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды тәртіп. Заңнамадағы соңғы өзгерістер жастар үшін мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, кәсіби мемлекеттік қызметті қалыптастыруға және мемлекеттік басқару сапасын арттыруға ықпал етеді.
Осылайша, заңнамада көзделген конкурссыз тағайындау мүмкіндіктері мемлекеттік қызметтің кадрлық әлеуетін нығайтуға, өңірлерді білікті мамандармен қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Айнұр Енсегенова
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Атырау облысы бойынша департамент басшысының орынбасары,
Әдеп жөніндегі Кеңес хатшылығының меңгерушісі

