Биыл Қызылқоға ауданын дамытуға 18 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Оның 72% жол, инфрақұрылым және құрылыс саласына бағытталған. Бұл туралы аудан әкімі Қанат Әзмұханов мәлімдеді.
Бүгінде Қызылқоға ауданында жалпы ұзындығы 773 шақырым жол бар. Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан жиі көтерілген басты мәселелердің бірі – Тайсойған–Миялы автожолы болатын. Көптен күткен жол құрылысы небәрі 1,5 жыл ішінде аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл аудан тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп, елді мекендер арасындағы байланысты жақсартты.
Ауданда бұдан бөлек те бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде Ойыл ауылының Ақтөбе облысынадейінгі жол мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Қазіргі таңда 18 шақырым жолдың құрылысы аяқталған. Алдағы уақытта Ақтөбе облысы өз аумағындағы жұмыстарды толық тәмамдаған соң, Қызылқоға тұрғындары Ақтөбеге дейін жаңа, тегіс жолмен тікелей қатынай алады.
Аудан басшылығының айтуынша, жол сапасын жақсарту мен инфрақұрылымды дамыту жалғасып жатыр.
Хұсни ХАМЗА

