Көше атауы берілді

(0 Votes)

                                                                                                                                                                                                                                               Құрманғазы ауылы, Шипажай мөлтекауданының көшелеріне Ұлы Отан соғысының ардагері Шарапи Баекешевтің есімі берілді. Көше атауын рәсімдеу салтанатына округ әкімі Абдуррахман Муса, әкімдік мамандары, майдангердің ұрпақтары мен туыстары қатысты. Шараны жүргізуші аудан өнерпазы Қайрат Сайфуллин Отан үшін от кешіп, бейбіт күнде де ел дамуына адал қызмет еткен ардагерлердің өмір жолдарына тоқталды. Шарапи Баекешев 1925 жылы Жапырық елді мекенінде дүниеге келген. Жастық шағы ел басына күн туған ауыр кезеңмен тұспа-тұс келіп, 1943 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, ел қорғау жолында ерлік пен табандылық танытты. 1950 жылы туған жеріне аман-есен оралып, 1965 жылға дейін Гурьев облысы, Орал-Каспий балықты қорғау және балық шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды. Одан кейін жаңадан құрылған Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрлігінің басқарма бастығы қызметіне ауысып, бұл салада да біліктілігі мен іскерлігін айқын көрсете білді. 1984 жылы зейнеткерлікке шығып, қоғамдық өмірден шет қалмай, бірнеше рет бұрынғы Теңіз ауданының, Гурьев қалалық кеңестік еңбекшілер депутаттығына сайланып, халық сенімін ақтаған азамат болды. 
 Алғашқы сөз алған Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса: - Бұл шара еліміздің ең қасиетті де, қастерлі мерекелері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылуымен ерекшеленіп отыр. Республикалық ономастикалық комиссия шешімімен еліміз бойынша 500-ге жуық, ауданымызда екі соғыс ардагеріне көше есімін беруге рұқсат етіліп отыр.  Ауылымыздың жаңа мөлтекауданының бірінші көшесін Шарапи Баекешовтің атымен атағалы тұрмыз. Бiз азаматтық арды ту етіп, Отан үшін от кешкен батыр бабаларымыздың алдында бас иемiз, - деді. Шарапи атамыздың туыстары Сәбила анамыз және Сайфолла Жанғалиев ардагер туралы естеліктерімен бөлісіп, жарқын бейнесін еске алды.  
 Шарапи Баекешевтің құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаны академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, ұлы Әнуарбек Баекешов салтанатты түрде ашты. Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT