Астанадағы EXPO конгресс-орталығында «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» ұранымен көшбасшы әйелдердің кездесуі өтті.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ғылым және азаматтық сектор салаларының мыңға жуық өкілі қатысты.
Кездесу барысында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов пен Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, қоғамдағы әйелдердің рөлі мен олардың ел дамуына қосып жатқан үлесін атап өтті.
Жиын барысында 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум мәселесі талқыланды. Қатысушылар жаңа Конституцияда адам құқығын қорғау, отбасы институтын нығайту, білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ әлеуметтік әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды қағидаттар көрініс тапқанын атап өтті.
Кездесу соңында көшбасшы әйелдер ел болашағына бағытталған жаңа Конституция құндылықтарын толық қолдайтындарын білдірді.

