С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» республикалық жобалары мен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Балабақша мен бастауыш мектеп: біртұтас тәрбие – саналы ұрпақ» тақырыбында аудандық аналар форумы өтті.
Мақсаты – ұлттық тәрбие негізінде саналы ананың рухани біліктілігі мен психологиялық, әлеуметтік әлеуетін арттыру. Шара алдында мәдениет үйінің фойесінде «Ұлттық мұра – ана қолында» тақырыбындағы балабақша мен бастауыш мектеп аналарының қолдарынан жасалған бұйымдарының көрмесі таныстырылды. Көрме жұмысы ұлттық нақышта, эстетикалық талғамдарға сай жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шараның шымылдығы «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы «Балдәурен» балалар оркестрінің «Нәр ағашы» халық күйімен ашылды. Кіріспе сөз сөйлеген аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тілекші Медеуғалиева форум жұмысына сәттілік тілеп, марапаттау рәсімін жасады.
Үшінші бөлімде Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектеп пен «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы бірігіп «Қыз тәрбиесіндегі ұлттық нәзіктік» тақырыбындағы сахналық қойылымдарын ұсынды. «Өркен» бөбекжай балабақшасының психологі Света Сисенғалиева «Саналы ана – бақытты бала, берекелі отбасы» атты баяндамасын ұсынып, қатысушылармен кері байланыс жасады. Нұржау жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі София Газизованың дайындаған көрінісі тамашаланды. Оған аталған мектептің қызметкерлері мен оқушылары қатысып, көріністі сәтті шығарды. «Digital Ана» алаңында «Айсамал» балабақшасының әдіскері Райгүл Әлекенова ашық микрофонда өз ойын жеткізсе, Гагарин атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Зинуллина гаджетке тәуелділік, онлайн қауіпсіздік туралы сөз қозғады.
Абай атындағы жалпы орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Ғалия Зұлхайдарова «Жасанды интеллект дәуіріндегі тәрбие» атты презентациялық жұмысын ұсынып, форумның соңғы бөлімін аяқтады. Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтары Құрманғазы аудандық комитетінің төрағасы Әуез Ізжанов форумның жұмысын жоғары бағалап, оған атсалысқан белсенді қатысушыларды марапаттады. Аудандық ішкі саясат бөілімінің бас маманы Елшат Асқар тарапынан да осындай құрмет көрсетіліп, көрермендер Сәулеш Бегәлиева, Ақтілек Хамитова шара жөнінде өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова қорытынды сөз сөйлеп, тақырыптың мәні мен маңызына тоқталып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.Соңында «Балбөбек» балабақшасының педагогтары мен тәрбиеленушілері және «Мейірім бұлағы» аналар клубының мүшелері «Мерекеңмен анашым» әнін хормен орындады.
Айнагүл Шакупова

