Мемлекет басшысы қол қойған конституциялық заңдар еліміздің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі деп санаймын. Конституцияға енгізілген өзгерістердің заңнамалық тұрғыдан бекітілуі мемлекеттік басқару институттарының қызметін жетілдіруге және олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әсіресе Вице-президент институтының енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесіндегі сабақтастықты нығайтып, Президентке жүктелетін міндеттердің тиімді орындалуына ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл тәжірибе көптеген мемлекеттерде өзін ақтаған басқару тетіктерінің бірі болып саналады.
Сонымен қатар Құрылтайдың жоғары өкілді заң шығарушы орган ретінде құрылуы халықтың мүддесін білдірудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Депутаттардың партиялық тізім арқылы сайлануы саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып, қоғамдық-саяси процестерге азаматтардың қатысуын күшейтуге ықпал етеді.
Конституциялық заңдарда мемлекеттік билік тармақтарының өзара іс-қимылы, кадрлық тағайындаулар мен бақылау тетіктерінің нақты айқындалуы да маңызды жаңалықтардың бірі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға негіз болады.
Жалпы, қабылданған заңдар еліміздің одан әрі дамуына, саяси тұрақтылықты нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған маңызды реформалардың жалғасы деп есептеймін. Ең бастысы, бұл өзгерістер елдің болашағына қызмет етіп, қоғамның сенімін нығайтуға ықпал етеді.
-Қанат Ғұмаров, журналист


