ИНДЕРБОР КЕНТІНІҢ КӨШЕЛЕРІНДЕ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ ЖҰРТ НАЗАРЫН АУДАРҒАН ЖАҢА ТЕХНИКА ПАЙДА БОЛДЫ. БҰҒАН ДЕЙІН АСФАЛЬТ ЖИЕКТЕРІНЕ ЖИНАЛҒАН ТОПЫРАҚ ПЕН ҚОҚЫСТЫ БІРНЕШЕ ЖҰМЫСШЫ КҮРЕКПЕН ҚЫРЫП, ҚОЛМЕН ТАЗАЛАП ЖҮРЕТІНІНЕ КӨЗІМІЗ ҮЙРЕНГЕН ЕДІ. ЕНДІ БҰЛ ІСТІ АРНАЙЫ КӨШЕ ТАЗАЛАУ ТЕХНИКАСЫ АТҚАРУДА.
Жаңа техниканың тізгінін ұстаған жас маман, «Агрострой Индер» ЖШС қызметкері Ақниет Қарымсақов. Оның айтуынша, техниканы басқару аса қиын емес.
– Жаңа техника болғандықтан қызығушылық та жоғары . Басқаруы жеңіл, ең бастысы - көшені шаңдатпай тазартады. Қоқыс пен топырақты бірден арнайы контейнеріне жинап отырады, - дейді ол.
Индербор кентінің санитарлық тазалығына жауапты «Агрострой Индер» ЖШС директоры Әсемгүл Қалауованың айтуынша, YANGZI YS14 маркалы қытайлық көше сыпырғыш техникасы мекеменің өз қаражатына сатып алынған.
- Біздің өңірде жел жиі соғатыны белгілі. Соның салдарынан жол жиектеріне топырақ, құм мен қоқыс үйіліп қалады. Бұрын мұндай жұмыстарды атқару үшін бірнеше жұмысшыны қол еңбегіне жұмылдыратынбыз. Сондықтан осындай техниканы алуды бұрыннан жоспарлап жүрген едік. Қытайдан арнайы тапсырыспен алдырдық. Егер алдағы уақытта өзінің тиімділігін толық дәлелдесе, келесі жылға тағы бір осындай техниканы сатып алу жоспарда бар, – дейді мекеме басшысы.

Мамандардың айтуынша , YANGZI YS14 – жолдар мен қоғамдық орындарды тазалауға арналған заманауи электрлі көше сыпырғыш. Ол айналмалы бүйір щеткалары арқылы жол жиегіндегі құм, топырақ, жапырақ және ұсақ қоқыстарды ортасына жинап, қуатты сорғыш жүйесімен арнайы контейнерге өткізеді. Сонымен қатар су бүрку жүйесі шаңның ауаға көтерілуін азайтып, тазалау жұмысын анағұрлым тиімді етеді. Мұндай техника қысқа уақыт ішінде үлкен аумақты
тазалап, бірнеше жұмысшының еңбегін алмастырады әрі қаланың санитарлық тазалығын сақтауға елеулі үлес қосады.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев елді мекендерді абаттандыруға, тұрғындарға қолайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту міндеті қойылған.
Индербор кенті әкімінің орын
басары Қайыржан Нұриевтің айтуынша, кент тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта көше тазалайтын заманауи техниканың алынуы санитарлық жұмыстардың сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы. Ал заманауи техниканың іске қосылуы Индербор кентінің көркі мен тазалығын арттыру жолындағы нақты қадамдардың бірі екені сөзсіз.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ, сурет автордікі

