«Құмда жанған шырақ» оқырманға жол тартты

(0 Votes)

Бүгін Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, документалист-зерттеуші, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Назарбек Қосшиевтің «Құмда жанған шырақ» атты кітабының тұсаукесері өтті. Рухани мазмұны терең басқосу жаңа туындының оқырманға жол тартуымен ерекшеленді.

Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары, оқытушылары мен студенттері, магистранттар, кітапхананың тұрақты оқырмандары мен қызметкерлері қатысты. Жиын барысында кітаптың мазмұны жан-жақты талданып, автордың ізденісі мен шеберлігі жоғары бағаланды. Қатысушылар еңбектің тарихи-танымдық маңызына ерекше тоқталды.

Жаңа кітап Атырау өңіріне кеңінен танымал діни ағартушы, Махамбет батырдың туған інісі Ыбырайымның ұлы – Сұлтануәйіс әулиенің өмірі мен қайраткерлік қызметіне арналған. 320 беттен тұратын бұл еңбекте Сұлтануәйіс Ыбырайымұлының өмір жолы, елге сіңірген еңбегі, имандылық пен адамгершілікке негізделген өнегелі істері кеңінен қамтылған. Автор тарихи тұлғаның бейнесін архивтік деректер мен ел аузындағы әңгімелерді ұштастыра отырып, тың қырынан аша білген.

Кітапхана директоры Сара Ізмұхамбетова жиынды ашып, мұндай тағылымды еңбектердің жас ұрпақтың тәрбиесінде алатын орны зор екенін атап өтті.

Тұсаукесер рәсімі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен тарих ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Серік Қуанышқа ұсынылды.

– Кітапта Сұлтануәйіс әулиенің өміріне қатысты бұрын нақтыланбаған бірқатар деректер ғылыми тұрғыда сараланған. Әсіресе, оның қайтыс болған жылына байланысты құлпытаста көрсетілген мәліметтер қайта қаралып, нақты деректермен толықтырылған. Соның нәтижесінде әулиенің 1887 жылы 49 жасында емес, 54 жасында дүниеден өткені анықталды. Сонымен қатар Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ұсынылған тағы бір тың дерек көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сұлтануәйістің немересі Қайыр Құлқайыровтың соғыс жылдарындағы ерлігі туралы мәліметтер алғаш рет кеңінен жария етілді. Ол танк мұнарасының командирі – экипаж көздеушісі ретінде бірнеше мәрте жау техникасын жойып, ерлігі үшін екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Бұдан бөлек, еңбекте Тайсойған ауылдық округінің тарихына қатысты тың архивтік деректер қамтылып, өңір шежіресіне қатысты маңызды мәліметтер жүйеленген. Сондай-ақ Құлмәлі баба мен Махамбет Өтемісұлының туған жеріне қатысты түрлі көзқарастар ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, жан-жақты баяндалған. Бұл кітаптың ғылыми құндылығын арттыра түседі, — деді Мұрат Сақтайұлы.

Салтанатты жиын барысында Мұрат Сақтайұлы автор Назарбек Төлеуішұлына «Дауылпаз» медалін салтанатты жағдайда табыстады. Бұл марапат қаламгердің еңбегіне көрсетілген құрметтің айғағы болды.

Кітаптың басты ерекшелігі – оның тарихи деректерге сүйеніп, нақты дәйектермен жазылуында. Бұл туралы Қазақстанның Құрметті жазушысы, публицист, өлкетанушы, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Төлеген Жаңабайұлы мен тарихшы Серік Қуаныш өз пікірлерін білдіріп, еңбектің ғылыми әрі рухани маңызы туралы жан-жақты атап айтты.

– Тайсойған өңірі – тылсымға толы, аруақ қонған, киелі жандар көп шыққан қасиетті мекен. Солардың қатарында Сұлтануәйіс әулиенің орны ерекше. Ол туралы ел ішінде сақталған құнды деректер мен аңыз-әңгімелер аз емес. Автор осы мұралардың барлығын мұқият зерделеп, салыстырып, ғылыми тұрғыда саралап, оқырманға жан-жақты жеткізе білген.

Сұлтануәйіс Ресейдің Астрахан қаласында білім алып, діни ілімді терең меңгерген тұлға. Елге оралған соң ағартушылық жолды таңдап, жас ұрпаққа білім беріп, талай шәкірт тәрбиелеген. Оның тағылымы мен тәлімі бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Кітапта осы қырлары кеңінен ашылып, тарихи тұлғаның болмысы толыққанды көрініс тапқан, — деді Т.Жаңабайұлы.

Іс-шараға Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, Қызылқоға аудандық мәслихатының төрағасы Толқын Бейісқали, Қызылқоға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәндібек Салықов, Қызылқоға ауылдық округінің әкімі Зейнолла Шаликов және Сұлтануәйіс Ыбырайымұлынан тараған ұрпақтар да қатысты.

Жиында Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың және Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың басшысы Сара Ізмұханбетованың атынан кітап авторына Алғыс хаттар табыс етіліп, йығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

– Біз материалдық емес мәдени мұраны сақтау ісіне тек жауапкершілікпен қарап қана қоймай, оны жан-жақты дамытып, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Өйткені ұлттың рухани негізі – осындай құндылықтарда жатыр. Мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу барысында талай тағылымды әрі тылсымға толы оқиғаларға куә болдым. Соның бірі – бірнеше жыл бұрын болған жағдай. Ұрпақтарына ата-бабасы аян беріп, «мен осы жерде жатырмын» деген белгі көрсеткен. Соның негізінде олар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ақыры өз аталарының жатқан жерін тауып, басына белгі қойған. Мұндай жайттар халқымыздың дүниетанымында аруаққа деген құрметтің, рухани байланыстың үзілмегенін аңғартады. Сол сияқты әулиелік қасиеттің иелері де болған, олардың өмірі мен тағылымы бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ деп ойлаймын. Бұл кітапта да сондай рухани сабақтастықтың ізі, тарихи шындық пен халық жадында сақталған деректер ұштастырылғаны анық байқалады. Сондықтан бұл еңбектің құндылығы өте жоғары деп есептеймін. Егер автор қарсы болмаса, осы кітапты ЮНЕСКО өкілдеріне ұсынып, халықаралық деңгейде таныстыруға рұқсат сұраймын. Себебі мұндай еңбектер ұлттық мұраны әлемге танытуға қызмет етеді. Авторға шығармашылық табыс тілеймін, еңбегіңіз жана берсін, — деді белгілі тарихшы, өлкетанушы, ғалым Шахман Нағымов.

Жиын соңында қатысушылар авторға жүрекжарды тілектерін арнап, «Қаламыңыз мұқалмасын, ұлт руханиятына қосар үлесіңіз арта берсін!» деген ізгі ниеттерін білдірді. Олардың қатарында жазушы, өлкетанушы Мұрат Бектенов те сөз сөйлеп, кітаптың ерекшеліктері туралы ой бөлісті.

Жаңа туындының авторы Назарбек Қосшиев тұсаукесер рәсіміне қатысқан барша руханият өкілдеріне шынайы алғысын білдіріп, әлі де бірқатар тарихи-танымдық бағыттағы тың дүниелердің кітап болып қатталып, оқырманға жол тарта беретінін жеткізді.

Айта кету керек, бұл еңбек – өткенді тануға, тарихи тұлғалардың тағылымды өмірінен сабақ алуға үндейтін құнды дүние. Рухани мұраға айналар туынды оқырман қауым тарапынан жоғары бағасын алады деген сенім мол.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT