Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Кенжебай Мәденұлы Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі - «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды. Батырдың жоғары марапатын оның ұлы Махамбет Мәденов Атырау қаласына алып келіп, осыған орай салтанатты қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды.
7 мамыр - Отан қорғаушылар күні қарсаңында өткен іс- шараға жастар, әскери қызметкерлер, қоғам өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Әуежайда жиналған жұртшылық Махамбет Мәденовті құрметпен қарсы алып, батыр рухына тағзым етті.
Бұл - тарихи әділдіктің салтанат құруы, ел үшін жанын қиған ер есімінің лайықты ұлықталуының айқын көрінісі. Кенжебай Мәденовтің ерлігі туралы көптеген ғылыми еңбектер мен кітаптар жазылып, оның есімі мектеп оқулықтарына енген.
Жиын барысында қатысушылар бұл марапат тек бір адамның емес, соғыс жылдарында ерлік көрсеткен тұтас ұрпақтың рухына берілген құрмет екенін атап өтті.
Ақтілек Базарбаева

