«КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ДЕГЕН НЕ? 

(0 Votes)


«Жайлы мектеп» атауынан «Келешек мектептері» болып өзгерген жоба балаларға қазіргі заман талабына сай жағдайда тегін, сапалы білім беруді мақсат етеді. Бұл бастама мектептің материалды-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін ұштайтын кеңістік қалыптастыруды көздейді. Былтыр жаңа форматтағы 105 мектеп есігін ашты, оның 40% ауылдарда салынды. Биыл тағы 112 жайлы мектептің құрылысы аяқталды. Сөйтіп, екі жылдың ішінде елімізде 460 мың оқушы осындай жаңа мектепте оқуға мүмкіндік алды.

Бұл жоба Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан, Алматы облыстары секілді халық тығыз қоныстанған, сонымен қатар тұрғын саны тез өсіп келе жатқан  Маңғыстау, Атырау облысы сияқты өңірде мектептегі орын тапшылығы проблемасын шешуге себін тигізуде.
«Келешек мектептері» аты айтып тұрғандай бірінші кезекте оқушыға да, мұғалімге де жаңа заманға сай жағдай ұсынады. Қазіргі тілмен айтқанда қолдануға ыңғайлы, қауіпсіз, оқушы мен мұғалімнің әр нәрсеге алаңдап, көңілі бөлінбейтін, уақытын жоғалтпайтын эргономикалық кеңістігі бар мектеп. Яғни, ол оқушы мен мұғалім баруға асығатын ыңғайлы әрі жайлы ортаға айналады. Өйткені эргономикалық кеңістіктер буллинг секілді мектептерде кең тараған теріс қылықпен күресуді де ескереді. Мәселен мектепті жобалағанда кеңістіктердің мейлінше ашық болғаны, қалтарыс-бұлтарыс жерлердің болмағаны ескеріледі, ал қабырғалары айна тәрізді беткі қабаттармен жасақталаған.

Шудан, ми белсенділігінен шаршаған, көпшіліктен бір сәт дем алғысы келген оқушы мен мұғалім тынығып алатын жарығы көмескіленген «тыныш» демалыс бұрыштары бар.

Мұндай мектептерде бөлме температурасынан бастап, арақашықтық пен жарықтандыру деңгейі секілді санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар да реттеледі. Өрттен сақтану, жалпы адамның қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілген. Мектептер толық бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Оқу барысына кедергі келмеуі және ең бастысы, әлімжеттіктік алдын алу үшін бастауыш пен жоғары сынып оқушылары бөлек оқиды.

«Келешек мектептері» жобасы аясында тұңғыш рет Қазақстанда барлық оқушы мүмкіндігі мен денсаулығына қарамастан бір мектепте оқуға мүмкіндік алды. Ресми дерек бойынша Қазақстанда білім беруде ерекше жағдайды қажет ететін 200 мың түрлі мүмкіндігі шектеулі мектеп жасындағы бала бар. Олар қатарластарымен бірге мектепке бара алмай, бөлек, көбіне үйде оқуға мәжбүр. «Келешек мектептерінде» осындай ерекше балалар үшін лифт, пандустар салынған, арнайы көрсеткіштер қойылып, психолог, дефектолог, логопед кабинеттері жұмыс істейді.

Елде салынып жатқан жайлы мектептердің аумағы кеңес кезінен қалған типтік мектептерден 15-20%-ға үлкен. Өйткені «Келешек мектептері» жаңа оқу техникаларына көшкендіктен, ескі стандарттағы мектеппен салыстырғанда ондағы техникалық жарақтану деңгейі 4 есе жоғары. Робототехника кабинеттері, STEM-зертханасы, хореография залы мен коворкинг алаңы, жаңа форматтағы кітапхана, 4 спорт залы, алғашқы әскери дайындыққа арналған алаң оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, әрқайсысына бойындағы таланты мен мүмкіндігін мектеп қабырғасыннан танып, ашуға арналған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT