Атырау облысында білім беру саласын цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. «Келешек мектеп» жобасы аясында білім беру процесін заманауи талаптарға бейімдеу, педагогтердің цифрлық құзыреттерін арттыру және оқушыларға жаңа технологияларды меңгерту бағытында бірқатар бастама қолға алынған. Өңір мектептерінде цифрлық жүйелер білім беру процесінің ажырамас бөлігіне айналды. Атап айтқанда, «Kundelik.kz» электронды журналы тұрақты қолданылып, ата-аналарға баласының оқу үлгерімі мен жетістіктерін онлайн бақылауға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар Атырау облысында білім беру қызметтерін автоматтандыру бағытында «Индиго», «Малахит», «Лира» және «Е-Кітапхана» жүйелері енгізілген. Бұл платформалар мектепке қабылдау, қосымша білім беру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету және кітапхана жұмысын ұйымдастыру үдерістерін жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді. «Келешек мектеп» жобасының маңызды бағыттарының бірі – педагогтердің жаңа технологияларды меңгеруі. Осы мақсатта өңір мұғалімдері үшін IT және жасанды интеллект бағытында семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылуда. Биыл оқу жылының басында Атырау облысынан 3500 педагог ChatGPT Edu платформасын пайдалану бойынша арнайы оқытудан өтті.
Жасанды интеллект құралдарын білім беру процесіне енгізу мұғалімдердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға, оқу материалдарын дайындау сапасын арттыруға және оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Атыраудағы цифрлық білім беру бастамалары – өңір мектептерінің заманауи талаптарға сай дамуына бағытталған маңызды қадам. «Келешек мектеп» жобасы арқылы білімді, бәсекеге қабілетті және технологияны меңгерген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жасалуда

