Қазақстанда автомобиль жолдарының жай-күйін бағалау және инфрақұрылымды бақылау жүйесін жетілдіру бағытында жаңа қадам жасалмақ. Осы мақсатта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жапонияның Aero Toyota Corporation компаниясымен ынтымақтастық орнатып, жол диагностикасына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін қарастыруда.
Тараптар арасындағы келісім жол саласындағы бақылау мен зерттеу жұмыстарын жаңа технологиялар негізінде дамытуға бағытталған. Әсіресе Mobile Mapping System (MMS) мобильді картографиялау жүйесін қолдану мәселесіне басымдық беріліп отыр.
Аталған технология жол инфрақұрылымы туралы кең көлемді деректер жинауға және оларды жүйелі түрде талдауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдардың бірі саналады. Мұндай шешімдерді пайдалану жолдардың техникалық жағдайын бағалау, ақауларды анықтау және инфрақұрылымның жай-күйін бақылау жұмыстарын жетілдіруге ықпал етуі мүмкін.
Жобаның бастапқы кезеңінде жапондық мамандар Ұлттық орталыққа сараптамалық және консультациялық қолдау көрсетеді. Соның нәтижесінде MMS жүйесін Қазақстан жағдайында пайдаланудың тиімділігі, оны енгізуге қажетті техникалық талаптар мен жұмыс әдістемесі зерделенеді.
Халықаралық тәжірибені зерттеу де ынтымақтастықтың маңызды бөлігі болмақ. Бұл ретте жолдарды диагностикалау, мониторинг жүргізу және цифрлық форматта паспорттау бағытындағы озық тәсілдерді отандық тәжірибеге бейімдеу мәселелері қарастырылады.
Жол саласындағы цифрландыру тек жаңа жабдықтарды қолданумен шектелмейді. Ол инфрақұрылымның нақты жағдайына қатысты деректердің қолжетімділігін арттырып, техникалық шешімдерді сапалы қабылдауға негіз қалыптастырады. Сонымен қатар жолдарды салу, жөндеу және күтіп-ұстау кезіндегі сапа талаптарын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Ынтымақтастық аясында жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыру және саладағы технологиялық мәдениетті дамыту мәселелері де назардан тыс қалмайды. Тараптар алдағы уақытта тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отыр.
Консультациялық кезең аяқталған соң жапондық компания жүйені қолдану жөніндегі әдістемелік және техникалық ұсыныстар қамтылған қорытынды есеп әзірлейді. Бұл құжат Қазақстанның жол инфрақұрылымын диагностикалау саласында жаңа цифрлық шешімдерді қолдану жөніндегі келесі қадамдарды айқындауға негіз болмақ.
Осылайша, халықаралық ынтымақтастық отандық жол саласына заманауи технологияларды тартуға, диагностика сапасын арттыруға және инфрақұрылымды басқарудың тиімді тәсілдерін дамытуға бағытталған.


