Экомәдениет бала кезден басталады

(0 Votes)

Жасыл экономикаға көшу тек ірі жобалармен, заңдармен немесе мемлекеттік бағдарламалармен ғана өлшенбейді. Оның негізі – экологиялық санада. Ал экологиялық сананы бала кезден қалыптастыру маңызды. Осы бағытта «JerEco Hub» хакатоны мен әлеуметтік жобалар сайысына қатысып, экомәдениет саласы бойынша жоба қорғаған «Jarqyn Bolashaq» командасы грант ұтып алған. Команда мүшелері балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларына арналған комикстер, бояу парақтары және анимациялық бейнероликтер әзірлеген. 

– «Жасыл экономика» ұғымы мен үшін адамзаттың табиғатқа зиян келтірмей, оны қорғауы деп түсінемін. Адам – қоғамның да, табиғаттың да ажырамас бөлігі. Өз мекенімізді қорғауда жасыл экономиканың маңызы зор. «Eco Hub» жобасы аясында ұсынған бастамамыз осы қағидаттармен үндеседі. Біз негізінен экомәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыс істейміз. Мұндай мәдениетті адам ес білгеннен бастап санасына сіңіруі керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, жобамызды кішкентай тұрғындардан бастауды жөн көрдік. Экология тақырыптарын түсіндіру үшін балабақшадағы бүлдіршіндерге арнап комикстер, бояу парақтарын, мектеп оқушыларына арналған анимациялық бейнероликтер жасадық, – дейді «Jarqyn Bolashaq» командасының мүшесі Жайнар Ардаққызы. 

Оның айтуынша, ауылдық жерлерде жасыл экономиканы дамыту үшін тұрғындарға арнайы тренингтер мен сабақтар өткізу қажет. Мектеп бағдарламасына экология бағытындағы қосымша сабақтар енгізілсе, жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігі арта түсер еді. 

– Махамбет ауданында экомәдениетті дамыту, қоршаған ортаға қамқорлық таныту бағытындағы жобалар көбірек жүзеге асса дейміз. Қай жерге барсақ та шашылып жатқан қоқысты, қоқыс жәшігіне жетпей қалған қалдықтарды көреміз. Мұның алдын алу бір ғана адамның қолынан келетін іс емес. Сондықтан челлендждер ұйымдастырып, үндеу жолдап, тұтас қоғам болып атсалысуымыз қажет, – дейді ол.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT