Бүгін Атырау облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жастар арасында «Eco Quiz» интеллектуалды сайысы өтті.
Жастардың экологиялық бастамаларға қызығушылығын арттырып, табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және «Таза Қазақстан» бастамасының идеясын кеңінен насихаттауды мақсат еткен зияткерлік сайыс барысында қатысушылар бірнеше командаға бөлінді. Олар – экология, табиғатты қорғау және қоршаған ортаны сақтау тақырыптары бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, түрлі кезеңдерде өзара бақ сынасты.

Облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Әли Төлегеннің айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
– «Eco Quiz» сайысының негізгі мақсаты – жастардың экологиялық бастамаларға қызығушылығын арттырып, табиғатты қорғаудың маңызын кеңінен түсіндіру. Сонымен қатар, жастарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндеп, «Таза Қазақстан» бастамасының идеясын насихаттауды көздейміз. Осындай танымдық шаралар жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға және қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын тереңірек ұғынуына ықпал етеді, — деді ол.
Жалпы интеллектуалды сайысқа 50 жас қатысып, білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды.
Ұйымдастырушылар мұндай танымдық іс-шаралар жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға да оң әсер ететінін атап өтті.
Алмас ҚАБДОЛ

