Экологиялық мәдениет мектептен басталады

(0 Votes)

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізілген іс-шараларға қатысу мен үшін жауапкершілік болды. Осындай тәрбиелік жобалар арқылы біз табиғатты қорғаудың маңызын тереңірек түсініп, қоршаған ортаға деген көзқарасымызды қалыптастырамыз.

Қазіргі уақытта экологиялық мәселелер бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Табиғаттың тазалығын сақтау, су мен жер ресурстарын қорғау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау сияқты мәселелер әр адамның өміріне тікелей қатысты. Сондықтан бұл тақырыптарды мектеп қабырғасынан бастап түсіндірудің маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені табиғатқа деген құрмет пен жанашырлық ең алдымен бала тәрбиесінен басталады.

Мектебімізде экологиялық бағыттағы түрлі іс-шаралар, байқаулар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Мұндай шаралар оқушылардың табиғатқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өз іс-әрекетімізге жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Әсіресе туған өлкенің табиғи байлығын танып-білу, оны сақтау туралы ақпараттар бізге ерекше әсер етеді.

Менің ойымша, экология дегеніміз тек тазалық сақтау ғана емес. Ол – табиғи ресурстарды үнемді пайдалану, су көздерін қорғау, ағаштар мен өсімдіктерге қамқорлық жасау, жануарлар дүниесін сақтау және қоршаған ортаға зиян келтірмеу мәдениеті. Осындай құндылықтарды бала кезден бойымызға сіңірсек, болашақта табиғатқа жанашыр азамат болып қалыптасамыз.

Әрбір оқушы қоршаған ортаға ұқыпты қарап, табиғатты қорғауды өзінің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыруы керек деп есептеймін. Таза табиғат, көрікті өлке және экологиялық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыру жолында әркімнің үлесі маңызды. Мен де осындай игі бастамаларға қатыса отырып, туған жерімнің табиғатын сақтауға өз үлесімді қоса беремін.

Сабина ЗИНЕШОВА
Индер ауданы, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 6 – сынып оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT