«Әділет» партиясы Индерде әйелдер денсаулығын қорғау мәселесін көтерді

(0 Votes)
Индербор кентінде «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен ауданда түрлі салада еңбек ететін әйелдермен кездесу өтті. Басқосуда әйелдер денсаулығын қорғау, сүт безі обырының алдын алу және ауруларды ерте анықтаудың маңызы сөз болды.
 
Кездесуге Индер ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Жеміс Тілепқалиева қатысты.
Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айгүл Әмірғалиева қазір сүт безі обырының алдын алуға бағытталған «Қызғылт қазан» ақпараттық акциясы өтіп жатқанын атап өтті.
– Әйел денсаулығына қамқорлық жасау – ортақ жауапкершілік. «Қызғылт қазан» акциясы осы тақырыпта ашық сөйлесіп, маңызды ақпаратты кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Аурудың алдын алу мен оны ерте анықтау жолдарын білу әйелдердің өз денсаулығына ұқыпты қарауына ықпал етеді. Әйелдер қанаты қоғамда денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және маңызды мәселелер бойынша ашық диалог орнатуға үлес қосуды жалғастырады, - деді Айгүл Әмірғалиева.
Индер аудандық ауруханасының бас дәрігері, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Анар Доспаева сүт безі обырының алдын алу жолдары мен скринингтік тексерулердің маңызы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында ауданда әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға бағытталған тексерулер жүйелі түрде жүргізілген.
40-76 жас аралығындағы әйелдер арасында жүрек-қантамыр ауруларын анықтау үшін 1 384 адам тексеріліп, 29 әйелден артериялық гипертензия, екеуінен жүректің ишемиялық ауруы анықталған. Қант диабетіне қатысты скринингтен өткен 1 384 әйелдің 16-сынан инсулинге тәуелді емес қант диабеті тіркелген. Глаукоманы анықтау мақсатында осы жас тобындағы 1 384 әйел тексеріліп, бір жағдай анықталған.
Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін 1 910 әйел тексеріліп, 157-сінен сүт безі аурулары, үшеуінен қатерлі ісік анықталған. Жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша 30-74 жас аралығындағы 1 296 әйел тексеріліп, 126-сынан қатерлі ісікке дейінгі аурулар, бір әйелден жатыр мойны обыры тіркелген. Ал тоқ ішектің қатерсіз және қатерлі ісіктерін анықтау скринингінен өткен 50-76 жастағы 1 533 әйелдің 16-сынан қатерсіз ісік, біреуінен қатерлі ісік анықталған.
В және С вирустық гепатиттерін анықтау мақсатында 418 ересек әйел тексеріліп, ауру жағдайлары тіркелмеген. Балалар арасында осы инфекцияларға жүргізілген тексеру 185 баланы, оның ішінде 138 қыз баланы қамтыған. Бұл топтан да аурушаңдық анықталмаған.
 
– 2026 жылдың тоғыз айында әйелдер арасында аталған скринингтік бағыттар бойынша 9 309 тексеру жүргізілді. Скрининг ауруларды ерте кезеңде анықтап, медициналық көмекті уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан профилактикалық тексерулерден өтіп, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау маңызды, - деді Анар Доспаева.
Ауданда 17 жасқа дейін 10 951 бала бар, бұл көрсеткіш - жалпы халықтың 37,5 пайызы. Оның 5 298-і – қыз бала. Балаларды профилактикалық медициналық қарап-тексеру барысында 6 316 бала, оның ішінде 2 983 қыз бала тексеріліп, 107 қыздан ауру анықталған.
Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманнан жауап алды. Басқосу әйелдер денсаулығы туралы ақпараттандыруға және осы маңызды тақырыпты ашық талқылауға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT