Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа табыстады.
Ведомствоның мәліметінше, танымал қазақстандық футболшы 2025 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Спорт» номинациясы бойынша лауреаты атанды. Спортшы бұған дейін матчтарда болуына байланысты 2025 жылғы 26 қарашада өткен марапаттау рәсіміне қатыса алмаған болатын.
Салтанатты кездесу барысында Аида Балаева жас спортшының жетістіктеріне жоғары баға беріп, оның өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
– Сіз бүгін жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, жастарға бағыт-бағдар беріп жүрсіз. Балаларды спортқа, оның ішінде футболға баулып, салауатты өмір салтын насихаттауда еңбегіңіз зор. Жетістіктеріңіз ел абыройын асқақтатып, жаңа белестерге жетелей берсін, – деді министр.
“Қайрат” футбол клубының ойыншысы Дастан Сәтпаев еліміздегі дарынды жастардың бірі ретінде спорт саласында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет және спорт салаларында ерекше жетістіктерге жеткен талантты жастарға табысталады. Бұл марапат жас буынды қолдауға және олардың әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды мемлекеттік бастамалардың бірі саналады.
Қ.ШӘКІРОВ

