Дала перзентінің дара жолы

(0 Votes)

Өмірзақ Қажымғалиұлын ауданда, аудан емес-ау облыс, республикада танымайтындар кемде-кем. Ауыл шаруашылығы саласының майталман маманы, кейіннен жазушылыққа, өлкетанушылыққа ден қойып бірқатар тұшымды дүниелер тудырды. Аудандық орталық кітапханана жүйесінің ұйымдастыруымен Ұлттық кітап күніне орай  «Сөз өнеріндегі өлкентану» бағыты бойынша «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, бірнеше кітаптардың авторының «Өмірі – өнеге, еңбегі – мұра» атты кітап көрмесі мен  жазушының дара жолына арналған әдеби-сазды кеш өтті.

 
Шараны аудандық орталықтандырылған кітапхананың қызметкері, ҚР журналистер одағының мүшесі Ақмоншақ Төреханқызы жүргізіп, кеш қонағына қызықты сауалдар қойып отырды. Онда кейіпкер өмір және еңбек жолы, шығармашылығы бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, оқырмандар оның тұлғалық болмысымен, өмірлік ұстанымдарымен кеңірек танысуға мүмкіндік алды. Кеш барысында Астана қаласынан бейнебайланыс арқылы белгілі журналист Зейін Әліпбек, ақын Ғалым Жайлыбай, сондай-ақ аграрлық салада қызметтес болған Сабыржан Сұлтанова, Балтабек Құбашев, шығармашылықтағы әріптестері ақын-журналист  Таңатар Дәрелұлы, мерейгердің туындыларына арнап кітап жазып шығарған Ұлан Иманғали, айтыскер ақын Мұтиғолла Ғани, інісі Ғалымжан Батырғалиұлы сөз алып, еңбектегі, шығармашылықтағы, өлкетанудағы жанкешті еңбегіне бағаларын берді. Тағылымды әңгімелер Өмірзақ Қажымғалиұлының азаматтық келбетін аша түсіп, кештің мән-маңызын байыта түсті.  Мазмұнды сұхбат пен шынайы әңгімелер бір арнаға тоғысып, әсерлі әнмен көркемделіп отырды. Бұл кеш бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің, еңбек пен парасаттың, адалдық пен адамгершіліктің көрінісі болды.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT