Буллингке жол жоқ!

(0 Votes)

Кейбір ата-аналар бала жақсы оқыса, өзін жақсы ұстап, үйлесімді киініп жүрсе, буллингке ұшырмайтынына сенеді. Көп жағдайда солай болатыны да рас. Дегенмен, мысалы, өзі сәтсіз отбасынан шыққан сотқардың дұрыс жүріп-тұратын балаларға өш келетіні де болады.Сынып «тізгіні» сондай баланың қолына тисе, үлгілі оқушылар да шетқақпай көреді. Яғни мамандар ешбір баланың буллингтен аман қалатынына кепілдік беруге болмайды деген пікірді ұстанады. 
Жасыратыны жоқ, біз көбіне буллингке ұшыраған баланы кінәлап, «Өзің кінәлісің, намыссызсың, қарсы тұра алмадың» деп айтамыз. Алайда бұл – үлкен қателік. Психологтардың пікірінше, буллингке ұшыраған балаларды кінәлау олардың психологиялық халін одан сайын ауырлатады. Олар үшін ең маңыздысы – қауіпсіздік сезімі мен сенімді орта. Мамандар атап өткендей, бала өзін қорғай алмайтынын сезгенде, ол тұйықталып, өз-өзіне сенімін жоғалтады. Сондай-ақ кінә тағудан гөрі, қолдау көрсету, қауіпсіздік пен сенімділікті арттыру арқылы балаға өмірде қарсы тұруға мүмкіндік беру маңызды. 
Қазіргі қоғамда балалардың қауіпсіздігі – тек жеке отбасы мәселесі ғана емес, барша қоғамның назарында болуы тиіс басты мәселе. Өйткені балалар күнделікті өмірде түрлі қауіп-қатерлерге тап болуда. Сол себепті, бұл жағдайларды алдын ала болдырмау – маңызды әрі өзекті міндет. Алдын алу үшін ең алдымен сенімді қарым-қатынас орнату қажет. Баланың ата-анасына немесе тәрбиешілерге кез келген мәселені қорықпай айтуы үшін ашық, қолайлы орта құру керек. Мұндай ортада бала өз ойы мен сезімін еркін білдіре алады. 
Мектептегі бақылауды күшейту де маңызды қадам. Мұғалімдер мен психологтар белсенділік танытып, балалардың өзара қарым-қатынасы мен мінез-құлқын қадағалауы қажет. Мұндай жүйелі бақылау арқылы кез келген проблемалық жағдай ерте кезеңде анықталады. Ең бастысы, «Үнсіз қалма» қағидатын баланың құлағына сіңіру. Куәгер болған немесе қиын жағдайды байқалған балаларға мұны түсіндіру бірінші кезекте тұруы керек. Олар өз тәжірибесін бөлісу арқылы ғана дұрыс емес әрекеттердің алдын алып қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінер еді.
Тағы бір жолы — қоғамда, әсіресе отбасы мен мектепте өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты біржола орнықтыру, өмір салтына айналдыру. Бұл әзірге қиын секілді сезілгеннің өзінде, ата-ана мен ұстаз, қоғамның әр жанашыр мүшесі осыған атсалысуға тырысқаны абзал. Сондықтан баламыздың әр әрекетіне сергек қарап, тек жетістікке емес, адамгершілікке, мейірімге, құрметке үйреткен абзал.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT