Болашақ білім мен ғылымнан басталады

(0 Votes)

Жаңа Конституция жобасында бірқатар маңызды жаңашылдық бар. Ең алдымен, құжатта ғылымды қорғау мәселесі нақты айқындалған. Білім, ғылым және инновация Конституция мәтінінде басым бағыт ретінде көрсетіледі. Бұл – білім мен ғылымның ел дамуына негіз болатын стратегиялық құндылықтар ретінде танылғанының айғағы. Демек, ғылым үшін түбегейлі жаңа кезең басталып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.

Мәселен, 23-баптың 1-тармағында академиялық еркіндік пен ғылыми-зерттеу қызметін қорғау қағидаты бекітіліп, ғылыми және шығармашылық еркіндікке кепілдік беріледі. Ғылымды Конституциялық деңгейде басымдық ретінде бекіту оны қаржыландыруды біртіндеп ұлғайтуға, ұзақ мерзімді бағдарламалар қалыптастыруға және ғылыми шығыстарды бюджеттік қысқартулардан қорғауға құқықтық негіз қалайды.
Екіншіден, білім мен ғылым – адами капиталды дамытудың іргетасы. Конституцияның 33-бабында міндетті бастауыш және орта білім алуға кепілдік беріледі. Бұл норма білім саласына инвестиция көлемінің жыл сайын артуына мүмкіндік жасайды.
Үшіншіден, ғылым мен ғалымдарды қолдау нақты тармақтарда көрініс табады. Бұл – мемлекеттің болашағы тек табиғи байлықтармен емес, ең алдымен адами капиталмен өлшенетінінің дәлелі. Қазіргі таңда елімізде ғылыми зерттеулер саласында 23 мыңға жуық адам еңбек етуде. Бұл – ғылымды дамытуға зор әлеует бар екенін көрсетеді.
Өзім де жас ғалым ретінде қазір республика Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған жас ғалымдарды қолдау бағдарламасы аясында «Жасанды интеллект принциптеріне негізделген қашықтан оқыту платформасы» жобасына жетекшілік етіп келемін. Жоба Атырау университеті базасында жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары ғылыми қызметкерлердің жалақысы өсіп, ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін төленетін қосымша үстемақылар артуда. Бұл ғылым саласын қолдаумен қатар, ғалымдардың әлеуметтік жағдайына да ерекше мән беріліп отырғанының дәлелі.
Ғылым мен білімнің мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде танылуы Қазақстанда ғылыми орта таптың қалыптасуына берік негіз қалайды.

Мақсот РАХМЕТОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті информатика кафедрасының қауымдастырылған профессоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Референдум 2026

Референдум 2026