Биыл Құрманғазы ауданында заманауи білім беру инфрақұрылымын дамыту аясында екі «Келешек мектеп» пайдалануға беріледі. Олар – Құрманғазы ауылындағы В.М. Ломоносов атындағы жалпы орта мектеп және Ақкөл ауылындағы Ақкөл жалпы орта мектебі.
1200 орынға есептелген жаңа үлгідегі білім ордалары оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған заманауи мектептер болады. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен, компьютерлік техникамен және заманауи оқу құралдарымен толық жабдықталған.
Мектептерде STEM және робототехника кабинеттері, 3D-принтерлермен жабдықталған информатика сыныптары, сондай-ақ химия, физика және биология пәндеріне арналған зертханалар қарастырылған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін инклюзивті орта қалыптастырылып, арнайы кабинеттер мен лифт орнатылған. Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін екі спорт залы, кітапхана, оқу залы, медициналық пункт, 260 орындық акт залы, 338 орындық асхана және спорт алаңдары салынып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері орнатылған.
Қазіргі таңда мектептердің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын уақытта жаңа білім беру ұйымдары өз оқушыларына есігін айқара ашып, ауданның білім саласының дамуына тың серпін береді.

