14 маусым - Дүниежүзілік қан доноры күніне орай облыстық қан орталығында «Өзгеге өмір сыйла» қан тапсыру акциясы өтті. Корпоративтік волонтерлікті дамыту, ерікті түрде қан тапсыру мәдениетін қалыптастыру және өңірдегі донорлық қозғалысты қолдау мақсатында өткен игі шара Азаматтық орталықтың бастамасымен ұйымдастырылды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін акцияға 35 жастан асқан және 50 жастан жоғары күміс волонтерлерден бөлек әр түрлі сала қызметкерлерінен 100-ден астам қала тұрғыны қатысты. Оның ішінде 90-нан астам адам донор болып, 51 л қан тапсырды. Қан тапсырған донорларға Азаматтық орталық атынан арнайы тәттілер таратылды.
Атырау облысы қан орталығының донор жинақтау бөлімінің меңгерушісі Жаңылсын Шиндаулованың айтуынша, орталыққа жылына 9000-нан астам адам донор болуға келеді. Соның ішінде, 6000-ға жуық тұрақты донор бар. Донорлар тапсырған қан хирургиялық аурулар, гемотологиялық, гинекологиялық ауруларға және ауыр жол апатына түскен жандарға шұғыл түрде құйылады.
Осы ретте, қайырымдылық бастамаға атсалысқан «Атырау-Ақпарат» ЖШС мен "Атырау облысы Су арнасы" КМК ұжымына, донорларға тәттілер ұсынып, қолдау көрсеткен «Перизат тәттілері» ұжымы мен оның басшысы Перизат Қанатқызына және Корпоративтік қор «Future Pathways Initiative Fund» ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз.


