«АТЫРАУЛЫҚ ОҚУШЫ THE PLANET OF ART – 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ БАС ФИНАЛИСТІ АТАНДЫ»

(0 Votes)

16 жастағы Әбілмансұр Айтжан үшін Алматыға сапар ерекше оқиғаларға толы болды. Қазан айындағы үш күнінде ол өмірінде алғаш рет ұшаққа отырып, алғаш рет қонақүйге орналасты. Атыраудан Алматыға оны THE PLANET OF ART – 2026 халықаралық жастар фестивалінің бас финалисі мәртебесі алып келді.

Фестивальді Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы мен Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының федерациясы Almaty Museum of Arts музейімен бірлесіп ұйымдастырды. Жобаның ресми серіктесі – «Теңізшевройл» компаниясы. Бірлескен серіктестері – TotalEnergies E&P Kazakhstan және Freedom Holding Corp. компаниясының «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры.

Бәрі әжесінен басталды 

Бірде Әбілмансұр әжесінің салған суреттерін көреді. «Әжемнің бойында ерекше талант болған. Алайда ол заманда сурет салу өнерін терең меңгеруге мүмкіндігі болмапты», – деп әңгімелейді жас суретші. Әжесінің дарынына тәнті болған Абильмансұр да сурет салуға қызығушылық танытып, осы өнерге бет бұрады.

Содан бері сурет салу оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Бала кезінен сурет салған ол төртінші сыныптан бастап шығармашылықпен жүйелі түрде айналыса бастады. Бүгінде Әбілмансұр Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-интернат-гимназиясы – ЮНЕСКО клубында білім алады. Ал болашақта ол сәулетші болуды армандайды. 

THE PLANET OF ART фестиваліне қатысу туралы оған ұстазы айтып, байқауда бағын сынап көруге ұсыныс жасаған. «Ұстазым: “Осындай байқау бар, қатысып көрейік”, – деді. Мен бірден қызығушылық таныттым. ЮНЕСКО клубтары федерациясының қызметі мен үшін ауқымды әрі ерекше маңызға ие», – дейді Әбілмансұр. 

2026 жылғы фестиваль ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеудегі әйелдердің рөліне арналды. Биылғы іс-шара ЮНЕСКО-ның құрылғанына 80 жыл және Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының федерациясына 45 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Өз туындысында Әбілмансұр қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдерін – әншілерді, бишілерді және музыканттарды бейнелеген. Графика техникасында орындалған жұмысты жасау үшін жас суретші маркерлер мен гельді қаламдарды пайдаланған. Оның туындысы ұлттық өнер мен мәдениеттің өзіндік болмысын шығармашылық арқылы танытуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Жұмысының іріктеуден өтіп, финалға жолдама алғаны туралы хабарды естігенде, Әбілмансұрдың қуанышында шек болмады. «Ең алдымен бұл жаңалықты анама айттым», – дейді ол.

Әлемді өнер арқылы біріктірген фестиваль 

THE PLANET OF ART фестивалі осы жылдар ішінде әлемнің 90-нан астам елінен 100 000-нан астам қатысушыны біріктірді. 

«THE PLANET OF ART фестивалі өнердің өзін-өзі танытудың ғана емес, халықаралық диалогты нығайтудың және мәдени мұраны сақтаудың маңызды құралы екенін көрсетті. Фестивальдің басты миссиясы – өз мәдениетін қадірлей білетін, сонымен қатар әлем халықтарының мәдени әралуандығын құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені өзара түсіністік пен мәдениеттерге деген құрмет – бейбіт әрі үйлесімді әлемнің берік негізі», – деп атап өтті Дүниежүзілік және Қазақстандық ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтары федерацияларының президенті Болат Ақшолақов.

Биылғы байқаудың іріктеу кезеңіне 54 елден 3 пен 18 жас аралығындағы мыңдаған бала мен жас суретші қатысты. Қазылар алқасының шешімімен олардың ішінен 400-ге жуық қатысушы финалға шықты. Жас суретшілердің туындылары халықтардың дәстүрлері мен мәдени жадын сақтаудағы әйелдердің айрықша рөлін ашып көрсетті.

Қазақстанның 13 өңірінің атынан шыққан жас таланттардың бірі

Алматыда өткен THE PLANET OF ART – 2026 фестивалінің қорытынды бағдарламасына 20 елден келген 12-18 жас аралығындағы жас суретшілер қатысты. Қазақстанның 13 өңірінен де жас таланттар финалға жолдама алды. Солардың бірі – Атырау облысының атынан қатысқан 16 жастағы Әбілмансұр Айтжан.

10–13 қазан аралығында Алматыда өткен бағдарлама аясында Әбілмансұр өзге елдерден келген финалистермен бірге «Шымбұлақ» тау курортында – ЮНЕСКО клубында пленэрге қатысып, ЮНЕСКО клубтарының уәкілдері Айгерім Карибаева және Саян Байғалиевпен шығармашылық тәжірибе алмасты. Сондай-ақ ол Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі мен Almaty Museum of Arts музейін аралады.

12 қазанда Almaty Museum of Arts музейінде фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, финалистердің шығармалары қойылған көрме ашылды. Әбілмансұр үшін бұл сапар халықаралық деңгейде өз өнерін танытып қана қоймай, өзге елдердің жас суретшілерімен танысып, жаңа әсер мен шабыт алуға мүмкіндік берді.

 

THE PLANET OF ART – әлеуметтік маңызы зор жоба. Қатысушылардың әлеуметтік жағдайы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, әрқайсысына өз талантын танытуға және Қазақстанның жетекші өнер қайраткерлерімен шығармашылық тәжірибе алмасуға тең мүмкіндік беріледі. Фестивальге қатысу тегін. Мұндай мүмкіндіктерге жобаның ресми серіктесі – «Теңізшевройл» компаниясының қолдауының арқасында жол ашылып отыр.

Әбілмансұрдың оқиғасы осылайша ерекше мәнге ие болады. Кезінде әжесіне арманын жүзеге асыруға мүмкіндік жетіспеді. Ал бүгінде Атыраудан шыққан жас суретшіге өз дарынын танытып, үлкен өнер әлеміне қадам басуға жол ашылды. Бір кездері әжесі қол жеткізе алмаған мүмкіндік енді немересіне бұйырды. Оның үстіне, бұл – Әбілмансұрдың туған өңірінде жұмыс істейтін компания қолдау көрсетіп отырған фестивальдің арқасында жүзеге асқан мүмкіндік.

«Сүйікті ісіңнен бас тартпа!»

Мұндай жобалардың маңызын Әбілмансұрдың өзі де терең түсінеді: «Біз ата-бабамыздан аманат болып жеткен мәдени мұрамызды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуіміз керек. Өйткені бұл – біздің рухани байлығымыз, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Біз оны ешқашан ұмыт қалдырмауымыз керек».

THE PLANET OF ART – 2026 фестивалі туралы енді ғана біліп жатқан жас суретшілерге ол өз кеңесін де айтады: «Финалға шығудың өзі – үлкен жетістік. Сондықтан ешқашан берілмеңдер және сүйікті істеріңнен бас тартпаңдар!»

Париждегі халықаралық көрме

Жобаның басты халықаралық оқиғасы – финалистердің шығармалары қойылатын Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріндегі көрме. Ол 2026 жылғы 10–17 қараша аралығында материалдық емес мәдени мұраға арналған Халықаралық күнге орай өтеді. Көрмеде THE PLANET OF ART – 2026 фестивалінің «ЮНЕСКО-ның жанды мұрасы: әйелдердің рөлі» атты ресми альбомы да таныстырылады.

10 қарашада ЮНЕСКО штаб-пәтерінің басты сахнасында фестивальдің VI музыкалық циклі – «Үйлесім симфониясы» атты гала-концерт өтеді. Әлемнің түрлі елдерінен келген жас музыканттар мен балет әртістері өнер көрсететін бұл кеш мәдениеттер арасындағы шығармашылық үндестікті дәріптейді.

Әбілмансұр бір кездері әжесіне ұқсағысы келгендіктен сурет сала бастады. Ал бүгінде оның туындысы дәстүрлерді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін әйелдердің рөлін дәріптейтін халықаралық фестивальдің бір бөлігіне айналды. Осылайша, әжесінің өнеріне деген қызығушылықтан басталған жол жас суретшіні халықаралық деңгейге жетеледі.

 

 

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT